Әуе кемелерінің паркі: елімізде қанша ұшақ пайдаланылуда?

Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) бағалауы бойынша Қазақстандағы ұшу қауіпсіздігінің көрсеткіші 82%-ды құрайды, бұл орташа әлемдік деңгейден – 70,8% едәуір жоғары. Мұндай мәліметтерді Үкімет отырысында көлік вице-министрі Талғат Ластаев айтты, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің Баспасөз қызметі.
Өткен жылы Еурокомиссия Қазақстан авиакомпаниялары үшін Еуроодақ елдеріне ұшуға қатысты «Қара тізімдегі» барлық шектеулерді алып тастады. Халықаралық азаматтық авиация ұйымы кеңесінің президенті Сальваторе Шаккитаноның алғашқы ресми сапары Қазақстан мен ИКАО арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңі болмақ.
Вице-министрдің айтуынша, авиациялық оқиғаларды тергеу ИКАО ұшу қауіпсіздігін бағалау үшін аса маңызды сегіз критикалық көрсеткіштің бірі және Қазақстанда бұл көрсеткіш 51%-ды құрайды. Басқа көрсеткіштердің ішінде ол ең төмен болып қала береді.
«Жыл соңына дейін жағдайды жақсарту үшін жоғары білікті мамандарды тарта отырып және қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген көлік оқиғаларын тергеу жөніндегі арнайы орталық құру жоспарлануда», — деп баяндады Талғат Ластаев.
Саланы тұрақты дамытуды жалғастыру үшін маршруттық желіні кеңейтуге, сондай-ақ әуе флотын жаңғыртуға назар аударылады. Қазақстанда ішкі әуе тасымалын алты авиакомпания 56 бағыт бойынша (өсім 10%-ға) жүзеге асырады. Әуе рейстерінің тұрақтылығы 75%-ды құрайды, бұл әлемдік көрсеткіштерге сәйкес келеді. Қазақстандық авиакомпаниялар жыл сайын шамамен 10-15 жаңа заманауи ұшақ сатып алады. Қазіргі уақытта әуе кемелерінің паркінде 104 ұшақ бар, жыл соңына дейін тағы 14-і келеді деп күтілуде.
2024 жылы қазақстандық авиакомпаниялар 14,7 млн жолаушыны тасымалдады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 11%-ға көп. Әуежайларда 29,7 млн адам қызмет көрсетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 14%-ға артық. Жалпы, соңғы 5 жылда сала көрсеткіштері 2 есеге өсті.