«Қазақстан халқына» қорының жобалары халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, ауылдық білім беруді, денсаулық сақтау, оңалту, әлеуметтік қолдау, мәдениет, балаларға арналған және инклюзивті спортты дамыту үшін мүмкіндіктер жасауға, ТЖ кезінде көмек көрсетуге бағытталған. Қордың қайырымдылық жобалары Қазақстанның әр аймағында бар, ауылдарды, моно және шағын қалаларды қамтиды. ОКҚ-да өткен баспасөз конференциясында «Қазақстан халқына» ҚҚ басқарма төрағасы Болат Жәмішев Қордың 2024 жылғы қызметінің қорытындысы жайлы баяндады, деп хабарлайды ОКҚ баспасөз қызметі.
«Қазақстан халқына» қоры бірреттік көмек көрсету үшін ғана емес, ұзақ жылдар бойы назардан тыс қалған жүйелі мәселелерді шешу үшін құрылған. «Қазақстан халқына» қоры 104 қайырымдылық бағдарламасы мен жобасының бастамашысы болды, оның 62-сі аяқталды. Оларды іске асыруға 240 млрд теңге бөлінді», – деді спикер.
Оның айтуынша, үш жылда Қор 252 млрд теңге қайырымдылық қаражат жинады, 3 жыл ішінде жалпы сомасы 186 млрд теңгеге, 2024 жылы 96,6 млрд теңгеге қайырымдылық көмек көрсетілді.