Қоғам

Орталықта Қазақстандағы ToxBase токсикалогиялық ақпараттық орталықтарын құру мәселесі талқыланды

Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығының Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы базасында ToxBase (Ұлыбритания) халықаралық дерекқорын енгізу және ұлттық KazTox жүйесін дамыту перспективаларына арналған жұмыс кеңесі өтті. Бұл отырыс химиялық қауіпсіздікті нығайту мақсатында түрлі ведомстволар мен ұйымдардың күш-жігерін үйлестіру жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды.

Кеңеске Денсаулық сақтау вице-министрлері Ержан Нұрлыбаев пен Ербол Оспанов, ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының және Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығының басшылығы қатысты.

2024 жылы Еуропалық Одақтың қолдауымен іске қосылған «KazToxBase» токсикологиялық ақпараттық орталығы ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының ауруханасының токсиколог-дәрігерлері тарапынан белсенді қолданылып келеді. Жұмыс 17 000-нан астам химиялық зат туралы ақпаратты қамтитын ToxBase дерекқоры базасының негізінде жүргізіледі. Мұндай мәліметтер дәрігерлерге химиялық улануларды тиімді диагностикалауға, дұрыс емдеу әдістерін таңдауға және антидоттарды қолдануға мүмкіндік береді.

Отырыс барысында 2025 жылы жұмысын бастаған Қазақстанның төрт өңіріндегі токсикологиялық бөлімдер үшін ҚР ПІБ МО СЭСО-ға ToxBase дерекқорына қол жеткізу мәселесі және мамандарды осы жүйемен жұмыс істеуге үйрету мәселелері қарастырылды. Бұл қадам өңірлердегі медициналық көмектің сапасын айтарлықтай арттырып, елдің химиялық қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосады.

Талқылаудың негізгі тақырыптарының бірі ұлттық KazTox дерекқорын әзірлеу болды. Қатысушылар мұндай жүйенің Қазақстандағы химиялық қауіпсіздік деңгейін жаңа деңгейге көтеретінін және улы заттар туралы деректерді бір жүйеге біріктіруге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Отырысқа қатысушылар осы бастамалардың елдегі химиялық оқиғаларға жедел әрі тиімді ден қоюды қамтамасыз етуге, профилактикалық жұмыстарды жетілдіруге және Қазақстанның химиялық қауіпсіздік жүйесін нығайтуға қосатын маңыздылығын ерекше атап өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button