Астанада Astana Media Week 2024 өтеді: медиаиндустриядағы негізгі трендтер мен өзекті мәселелер
Ертең «Қазмедиа орталығында» Astana Media Week 2024 басталады. Жетекші сарапшылар, халықаралық ұйымдардың өкілдері және танымал журналистер саланың өзекті мәселелерін талқылау үшін жиналады, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
Үш күндік бағдарламада нарықтың ұдайы өзгеруіне байланысты мамандарды даярлау туралы пікір алмасулар, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың қоғамға әсері туралы дәрістер бар. Қатысушылар ақпараттың жылдам ағыны жаңа форматтар мен мазмұн тәсілдерін құра отырып, медиа жұмысын қалай өзгертетінін талқылайды.
Медиадағы құқықтық трансформация, көп платформалы экожүйелерді дамыту, өңірлік, спорттық және салалық журналистика, балалар контенті және әлеуметтік шиеленісті басқарудағы ахуалдық орталықтардың рөлі басты назарда болады.
Биылғы медиа апталыққа халықаралық медиа ұйымдардың өкілдері қатысады. Сарапшылар мен индустрия көшбасшылары өз көзқарасы мен пікірін ортаға салып, жаһандық трендтер мен медиакоммуникация саласындағы озық тәжірибесін бөліседі.
Медиа апталықтың белсенді қатысушылары өздерінің кәсіби шеберлігін арттырып қана қоймай, Камбоджаға туристік сапар ұтысына қатысу мүмкіндігіне ие болады.
Іс-шара аясында 25 және 26 қыркүйек күні Контент-Маркет өтеді. Онда телеарналар мен продакшндар озық медиа жобаларын таныстырады.
Сонымен қатар жабық питчингтер, кешкі нетворкинг, масс-медиа туралы жаңа заң бойынша интерактивті сессия және қазақ тіліндегі «Мақсат» атты жаппай диктант өтеді.
27 қыркүйекте «Үздік баспасөз қызметі» марапатын тапсыру рәсімі өтеді. Сонымен қатар, баспасөз хатшыларына арналған семинарлар өткізіліп, медиадағы инновациялар, ұлттық бірегейліктің рөлі, цифрлық коммуникациялар этикасы, ақпаратты тексеру және ақпараттың шамадан тыс жүктелуіне қарсы күрес секілді тақырыптар талқыланады.
Astana Media Week 2024 «Қазмедиа орталығында» (Астана, Қонаев көшесі, 4) өтеді.
Толық ақпаратты astanamediaweek.kz сайтынан таба аласыз.