Үкімет отырысы барысында Премьер-Министр Олжас Бектенов балаларды 1-ші сыныпқа қабылдау процесін дұрыс ұйымдастыру және мемлекеттік қолдауға мұқтаж балаларға әлеуметтік көмек көрсету мәселелеріне назар аударды, деп хабарлайды Рrimeminister.kz сайты.
Жаңа оқу жылында 360 мың оқушы алғаш рет мектеп табалдырығын аттағалы тұр. Олжас Бектенов қабылдау процесінің белсенді жүріп жатқанын, оны дұрыс ұйымдастыру қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар бұрын балабақшаларға бармаған болашақ бірінші сынып оқушыларына көбірек көңіл бөлген жөн. Ол үшін мектепке дейінгі мекемелердегі консультациялық пункттердің қызметін жандандыру қажет.
«Жаңа оқу жылы қарсаңында мемлекеттік қолдауға мұқтаж балаларға материалдық және әлеуметтік көмек көрсетілуге тиіс. Биыл 500 мыңнан астам бала үшін 22 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты көзделген. Әкімдіктер мектеп формасы мен керек-жарақтарды сатып алу үшін қаражаттың ата-аналарға уақтылы жіберілуін қамтамасыз етсін», — деді Олжас Бектенов.
Сондай-ақ Премьер-Министр 1 қыркүйектен бастап 1,7 млн оқушы: бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік осал санаттағы балалар тегін тамақпен қамтылатынын айтты. Мектептерде тегін тамақтандыруды ұйымдастыру мақсатында әкімдіктер қажетті қаражат бөлді.
Сонымен қатар Атырау, Түркістан, Жамбыл облыстарының бірқатар мектептерінде асхана жоқ. Олжас Бектенов аталған өңірлердің әкімдіктеріне тамақтану сапасын және санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуін ерекше бақылауға алуды тапсырды.
Оқу-ағарту министріне барлық мектептердің оқулықпен толық қамтамасыз етілуін бақылауда ұстау тапсырылды.