«Тіл – тағылым»: Елордада интеллектуалды сайыс өтті

Астана қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының  қолдауымен, «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастырумен Елордада «ТІЛ – ТАҒЫЛЫМ» интеллектуалды сайысы өтті.

«Тіл – тағылым» интеллектуалды сайысының мақсаты – мемлекеттік тілді, ел тарихын, салт-дәстүрімізді, ғылым мен өнерді және әдеби мұраларды насихаттау. Ұжыммен жұмыс жасау дағдыларын арттыруға мүмкіндік беретін, сондай-ақ, мамандардың интелектуалдық ой-өрісін дамытатын, зияткерлік ортаның қалыптасуына зор үлес қосатын шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

«Тіл-тағылым» сайысын ұлттық компаниялар мен квазимемлекеттік кәсіп орындардың қызметкерлері арасында өткізуді мақсат тұтқанбыз. Бүгінгі шара өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Бұл біріншіден сайысқа қатысып жатқан командалардың жауапкершілігінің жоғарылығы, тыңғылықты дайындықпен келгендігі, екіншіден мемлекеттік тілге деген құрмет, ана тілімізге деген сүйіспеншілік деп бағалаймыз» деді, «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Әділ Орынбасарұлы.

Сайыста «Бәйтерек» холдингі және оның еншілес ұйымдарының мамандарынан құралған 8 команда сынға түсіп, бақ сынады. Олардың қатарында: «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ, «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ, «Отбасы Банк» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ, «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ қызметкерлер құрамалары қатысты.

Сайыс шарты бойынша қатысушылардың жас ерекшелігі мен лауазымына шектеу қойылған жоқ.

Интеллектуалды сайыс 5 кезеңді қамтыды: 

І. «ТӨРТЕУ ТҮГЕЛ БОЛСА» КІРІСПЕ ТУРЫ

ІІ. «СӨЗЖҰМБАҚ» ҚИСЫН ТУРЫ

ІІІ. «ҚАРА, ТЫҢДА, ОЙЛАН» МЕДИА ТУРЫ

ІV. «БАЙЛАНЫС» ТАҚЫРЫПТЫҚ ТУРЫ

V. «АҚТЫҚ МӘРЕ» СОҢҒЫ ТУРЫ

Әр кезеңде қатысушы командалар мемлекеттік тіл, тарих, салт-дәстүр, Алаш арыстары, әдебиет және мәдениет сынды тақырыптар төңірегіндегі логикаға, медиа форматтағы: аудио, видео материалдарға негізделген сұрақтарға жауап берді. Команда нәтижелері автоматты түрде есептеліп, қорытындысы шығарылды.

Қызу тартыстың нәтижесінде «Отбасы Банк» АҚ-ның құрама командасы жеңімпаз атанса, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ мамандарынан құралған команда – 2 орынды, ал «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ-ның қызметкерлері – 3 орынды иеленді. Интеллектуалды сайыстың жеңімпаздары мен барлық қатысушылары «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің атынан алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.