Астанада 200-ге жуық оқушы Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін бір мезгілде орындады

Астанада қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының күніне орай «Ұлы дала әуені: Абайдың ән мұрасы» атты қалалық музыкалық флешмоб өтті. Іс-шара аясында 200-ге жуық оқушы Абайдың әйгілі «Көзімнің қарасы» әнін бір мезгілде орындады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Мәдени іс-шара Абай Құнанбайұлының музыкалық мұрасын кеңінен насихаттауға, өскелең ұрпақтың ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ жекеменшік қосымша білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілерін ортақ шығармашылық алаңда біріктіруге бағытталды.

Іс-шара ашық аспан астында өтті. Әннің көпшілікпен бір мезгілде орындалуы ұлттық ән өнерінің байлығы мен құндылығын айшықтаған әсерлі музыкалық көрініске айналды.

Бірлескен өнер көрсету балалардың шығармашылық әлеуетін ашуға, орындаушылық шеберлігі мен сахналық мәдениетін дамытуға, сондай-ақ ұлттық мұраға деген құрметін нығайтуға ықпал етті.

Флешмобты Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Астана қаласы бойынша департаментінің өкілдері де қолдады.

Айта кетейік, жоба сондай-ақ «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында рухани-адамгершілік, патриоттық және мәдени құндылықтарды қалыптастыруға үлес қосады.