ЮНЕСКО бас пәтерінде Қазақстанның Тұрақты өкілдігі Ұлттық домбыра күніне арналған іс-шара өткізді. Оған ЮНЕСКО-ға мүше мемлекеттердің елшілері, ұйым хатшылығының қызметкерлері, Францияда тұрып жатқан отандастар қатысты, деп мәлімдейді ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов биыл Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Үкіметаралық комитет 2014 жылғы 26 қарашада өзінің Париждегі 9-шы сессиясында Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне домбырамен күй орындау өнерін енгізгеніне он жыл толатынын еске салды. Осыған байланысты ол «қазақ үшін домбыра музыкалық аспап қана емес, ол – бірегейлігіміз бен ұлттық рухымыздың айқын көрінісі мен куәсі» екенін атап өтті.
«Ғасырлар бойы домбыра қос ішек арқылы жастарымызға ата-бабаларымыздан қалған аңыз, әдет-ғұрып пен ұмтылыстарын жеткізетін жыршы болып табылады, ал оның Ұлы даладан ЮНЕСКО-да жаһандық деңгейде танылуына дейінгі жолы – музыка тілінің әмбебап сипатының және оның халықтар мен ұрпақтарды жалғай алатын күшінің айғағы», – деді отандық дипломат.
Елші Қазақстанда домбыра ойнауды отбасыда үйренумен қатар, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың қолдауымен мектептерде, орта кәсіби және жоғары оқу орындарында оқыту курстарын, түрлі концерттер, фестивальдар, домбыраның халқымыздың жанды мұрасының ажырамас бөлігі болып қалуы мақсатындағы басқа да көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып келе жатқанын атап өтті.
Іс-шараға ЮНЕСКО Атқарушы кеңесінің төрағасы Вера Эль-Хури Лякей қатысты.
«Бірегей де кешенді сипатқа ие домбыра қазақ даласының жарқын бейнелерін жеткізетін дыбыстарды дүниеге әкеліп, жүректі нәзік әуендерімен тербетеді және көз алдыңа ашық кеңістікте шауып бара жатқан тұлпарларды елестетуге мүмкіндік береді», – деді дипломат.
ЮНЕСКО атынан Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы Конвенция Хатшылығының басшысы Фумико Охината да сөз сөйледі.
«Біз Қазақстанды Ұлттық домбыра күнімен және домбыра күйінің адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгенінің 10 жылдығымен шын жүректен құттықтаймыз», – деді ол.
Оның айтуынша, күй мен ән Қазақстанның қоғамдық және мәдени өмірінің ажырамас бөлігі болып қалуда, себебі достардың басқосуларында, отбасылық мерекелерде және басқа да салтанатты іс-шараларда адамдар үнемі домбыра ойнауды жалғастыруда.
«Домбыра күйі – тірі, жанды мұра, өйткені ол классикалық шығармаларды орындаумен қатар жаңа туындыларды шығару арқылы жалғасып келе дами береді, отбасы ішінде және ұстаздан шәкіртке, ұрпақтан ұрпаққа ауысады, әрі бізге адам баласын қоршаған ортасымен байланыстыратын хикаялар мен аңыздарды жеткізеді», – деді Ф. Охината.
Оның айтуынша, «Қазақстан – жаһандық жанды мұра қауымдастығының белсенді мүшесі және оны қорғау туралы конвенцияның басқарушы органдарының жұмысына маңызды үлес қосуда». Осы орайда Ф. Охината Қазақстанда Ұлттық домбыра күнін атап өту бастамасына жоғары баға берді.
«Шын мәнінде бұл мерекенің Қазақстанда осындай кең көлемде атап өтілуі таңқаларлық емес, өйткені домбыра қазақ халқының жүрегіне ерекше жақын және оның ұлттық сәйкестік сезімі мен бүкіл әлеммен және қоғам ішіндегі өзара байланыстар үшін маңызы зор екені анық», – деп атап өтті ол.
Кеш аясында Францияда тұратын қазақтар Шыңғыс Қуанбаев пен Әмірхан Унлу жиналғандардың назарына домбыраның жанды орындалуын ұсынды. Құрманғазы Сағырбайұлының «Адай», Секен Тұрысбековтың «Көңіл толқыны» және Әбдімомын Желдібаевтың «Еркесылқым» күйлерін орындаған әуесқой музыканттардың өнерін тыңдармандар жылы қабылдап, оларды шынайы қошеметке бөледі.
Сондай-ақ, қонақтар The Planet of Art халықаралық жастар фестивалі аясында ЮНЕСКО Клубтарының Қазақстандық ұлттық федерациясы ұсынған домбыра тақырыбындағы балалар кескіндерінің көрмесімен таныса алды.
Іс-шара қорытындысымен қатысушылар домбырамен байланысты бай, бірегей және алуан түрлі музыкалық дәстүрлермен жақынырақ танысу мүмкіндігі үшін ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, бүкіл адамзаттың мәдени қазынасының құнды және ажырамас бөлігі болып табылатын қазақ халқының жанды мұрасын сақтау және дәріптеу бойынша бірлескен күш-жігердің маңыздылығын атап өтті.