Астанада полицейлер естіп және сөйлей алмайтын такси жүргізушісіне тіл тигізген ер адамды тауып, ұстады.
Көлік ішінде түсірілген видео бұған дейін әлеуметтік желіде пайда болған еді. Онда жолаушы ретінде екі ер адам көлікте отырғаны көрінеді. Алдында отырған ер адам жүргізушінің мүмкіндігі шектеулі екенін білгенде оған дөрекі сөйлей бастайды. Бұл видео желі қолданушыларының наразылығын тудырып, күдіктінің жауапқа тартылуын талап етті.
«Такси жүргізушісіне қатысты балағат сөздер айтқан жолаушы дереу анықталып, ұсталды. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау бөлмесіне қамалды. Жауапкершілікке тарту үшін әкімшілік материал сотқа жіберілді», – деп хабарлады Астана Полиция департаментінің баспасөз қызметі.