Қоғам

«Үлкен су келе жатыр». СҚО әкімі тұрғындарға үндеу жасады

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов тұрғындарға үндеу жасады. Оның айтуынша, өңірдегі су тасқыны жағдайы күрделі.

Өңір басшысы өз үндеуінде бүгінде су тасқынына қарсы барлық қажетті шаралар қабылданып жатқанын мәлімдеді.

«Құрметті жерлестер! Өңірде су тасқыны жағдайы күрделі. Облыс орталығына үлкен су келе жатыр. Қиын сәтте ел басшылығы бізге қолдау білдіріп жатыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, облыста жұмыс сапарымен екі рет премьер-министр Олжас Абайұлы Бектенов болды. Қазір облыста Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Васильевич Скляр тасқынға қарсы жұмыстарға басшылық етіп жатыр. Тұрғындардың өмірін сақтау – біздің басты міндет», – деді әкім үндеуінде.

Елді мекендерді қорғау үшін барлық шара қабылданып жатқаны айтылды. Дегенмен бұл жеткіліксіз болуы мүмкін, деп қосты өңір басшысы.

«Петропавлға қарай үлкен су келе жатыр.Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Васильевич Склярдың тапсырмасы бойынша үйлері су басу аймағында орналасқан Заречный ауылының тұрғындарын эвакуациялау жүргізіліп жатыр. Тұрғындардан түсінік танытып, су тасқыны кезеңінің талаптарын назардан тыс қалдырмауды сұраймын.

Төтенше жағдайлар департаменті, полиция және қала әкімдігінің талаптарын мүлтіксіз орындау қажет. Бұл саяжай учаскелерінің тұрғындарына да қатысты. Менің тапсырмам бойынша, Петропавл әкімі атқарылып жатқан жұмыстар мен тұрғындарды эвакуациялау қажет екені туралы бірнеше рет айтты», – деп толықтырды Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.

Азаматтардың қауіпсіздігі бірінші орында, деп қосты әкім.

Басқа жаңалықтар

Back to top button