Саясат

Еліміздің көлік министрлігі ҚХР-мен көлік саласындағы ынтымақтастықтың дамуы мен перспективасы туралы ақпарат ұсынды

ҚР Көлік вице-министрі экспорттаушылар форумына және Қытай (Сычуань) – Қазақстан 2024 сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі конференцияға қатысты

Мақсат Қалиақпаров панельдік сессиялардың бірінде сөз сөйлеп, қатысушыларды екі елдің ынтымақтастығында көлік-логистикалық мүмкіндіктерді іске асыру бойынша бейінді министрліктің орындалған, ағымдағы және дайындалып жатқан қадамдары туралы егжей-тегжейлі хабардар етті. Сондай-ақ ол мемлекеттік органның Қазақстанның транзиттік әлеуетін кеңейту мәселелеріндегі стратегиялық көзқарасымен бөлісті.

Өз баяндамасында ол ҚР мен ҚХР көліктік ынтымақтастығының дамуының оң динамикасын атап өтті.

«Біз ТХКБ дамуының оң нәтижелерін көріп отырмыз. Мәселен, 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы теиіржолмен жүк тасымалының көлемі 28,3 млн тоннадан асты. Өсім 22% құрады. Бұл оң фактор. Алайда, логистикалық қызметтерге сұраныстың артуы байқалады. Сондықтан біз елдеріміз арасындағы теміржол қатынасын одан әрі дамытуға күш саламыз», – деді көлік министрінің орынбасары.

Оның айтуынша, «Достық-Мойынты» теміржол учаскесінде екінші жол құрылысы жалғасып жатыр. 2023 жылдың қараша айында Алматы облысында Алматы станциясын айналып өтетін теміржол желісінің құрылысы басталған, ол Алматы торабына түсетін жүктемені 40%-ға төмендетеді және жүктерді жеткізу уақытын едәуір қысқартады. Өткен жылдың қазан айында екі ел «Аягөз–Тачэн» темір жолын салу жобасы бойынша меморандумға қол қойған болатын. Бүгінгі таңда «Бақты» өткізу пунктіне дейін темір жолды төсеу бойынша құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Сондай-ақ «Бақты-Покиту» 3-ші теміржол өткізу пунктін ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Вице-министр автокөлікпен жүк тасымалының өскенін де атап өтті. Атап айтқанда, 2023 жылы импорттық-экспорттық қатынаста 1,8 млн тонна тасымалданған, бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 2,5 есе көп.

Қазақстан мен Қытайдың көлік ынтымақтастығын дамытудың жалпы ахуалы мен перспективаларын сипаттай отырып, вице-министр экспорттық-импорттық қызметке қатысушыларға қосымша ақпарат ұсынды.

Бірінші кезекте Қазақстан, Әзербайжан және Грузия әкімшіліктерінің Middle Corridor multimodal Ltd бірлескен кәсіпорнын құруы атап өтілді. Оның шеңберінде «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша логистикалық сервис, тарифтік саясатты біріздендіру және ТХКБ (орта дәліз) бойынша тасымалдардың тұрақтылығын қамтамасыз ету жолға қойылады.

Сондай-ақ жақын арада Ақтау портында контейнерлік хаб құрылысын бастау жоспарланып отыр. Бұл оның өткізу қабілетін жылына 300 мың ЖФЭ-ге дейін арттырады. Бұл ретте порттың қайта тиеу жабдығы жаңғыртылады.

Құрық портында жалпы қуаттылығы 9,4 млн тоннаға жуық Sarzha көпфункционалды терминалының жобасын іске асыру ілгерілеуде.

Қытайдың Сиань Құрғақ портында қазақстандық логистикалық терминал салынды, ол Еуропа бағытында контейнерлік қатынаспен жөнелту үшін жүктердің шоғырлануын қамтамасыз етеді.

ҚР Көлік министрлігі басшысының орынбасары аталған шаралардың барлығы Қытай-Еуропа бағытындағы логистикалық бағыттарды дамытуға және ҚХР мен Қазақстан арасындағы көлік байланысын жақсартуға ықпал ететінін атап өтті.

«Біз қабылдап жатқан барлық шара экспорттың, импорттың және транзиттің үздіксіздігі мен дамуын қамтамасыз етуге, жалпы екі ел арасындағы тауар айналымын дамытуға бағытталған. Жақында ғана Мемлекет басшысының Әзербайжанға жұмыс сапары аясында қытайлық Сианнан әзербайжандық Апшеронға ТХКБ бойынша Қазақстан аумағы арқылы өткен контейнерлік блок-пойыздың кездесуі бойынша телекөпір өтті. Егер біз мұны 2022 жылдың жазында жүк жеткізу мерзімі 53 күнге жеткен ең жоғары тасымалдаумен салыстыратын болсақ, ТХКБ мүмкіндіктері үйлестірілген жұмыс кезінде өте жақсы нәтиже көрсетеді», – деді Көлік министрінің орынбасары.

Сөз соңында Мақсат Қалиақпаров аталған форум мен конференция екі елдің мүдделерін жақындастырып, Қазақстан мен Қытайдың бизнес-қоғамдастықтарының өзара тиімді ынтымақтастығын қалыптастыруға ықпал ететініне сенім білдірді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button