«Ұзынағаш-Отар» жол учаскесінде құрылыс-монтаж жұмыстары бойынша мердігер анықталды – Көлік министрлігі
Көлік министрінің м.а. Сәтжан Аблалиев Үкіметтегі азаматтарды қабылдау орталығында ел тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады
Көлік министрлігі басшылығының өкілімен кездесуге Алматы, Павлодар, Орал, Риддер қалалары мен Алматы облысының 5 тұрғыны жазылды.
М.Шағамбаев Павлодар облысындағы көліктік бақылау инспекциясы қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне шағымданды. Ал С.Бекбауов Алматы-1 және Алматы-2 вокзалдарында мүмкіндігі шектеулі жандардың мұқтаждықтары үшін жағдай жасалмағандығына назар аударды. Өз кезегінде көпбалалы ана Ж.Жаңабаева Алматы облысының Жамбыл ауданында жергілікті және республикалық жолдарды дамыту мәселелерін талқылау үшін жазылды.
Сондай-ақ министрлік өкіліне «Өскемен қалалық автобус» ЖШС-нің атынан Д.Фомин жүгінді. Ол халықаралық тұрақты жолаушылар тасымалы кезінде жолаушыларды тасымалдаудың белгіленген ережелердегі бұзушылықтары туралы мәлімдеді.
Өтініш берушілерге толыққанды жауаптар қайтарылып, түсініктемелер берілді.
Мәселен, теміржол вокзалдарына қатысты өтініш берушіге 2019 жылдан бастап Алматы-1 және Алматы-2 станцияларында халықтың мобильділігі төмен топтары үшін жағдай жасалғаны туралы айтылды. Алматы-1 вокзалында кондиционері бар демалыс бөлмесі ашылған, сонымен бірге көмекке шақыру түймешектері, №1 билет кассасының жанында және касса залы мен күту залы арасында арнайы көтергіштер орнатылғаны сөз болды. Ғимаратта және іргелес аумақта мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жолдар төселіп, мүгедектерге арналған арбалар сатып алынған. Сонымен қатар санитарлық тораптарға жөндеу жүргізіліп, «Арал» платформасына аталған санаттағы азаматтарды қауіпсіз жеткізу үшін 2 жаңа лифт орнатылғаны айтылды.
Өз кезегінде Алматы-2 вокзалында да демалыс бөлмесі жөнделіп, көмекке шақыру түймешектері мен 3 пандус орнатылған. Сондай-ақ билет кассасының қолжетімділігі көзделіп, ғимаратта және іргелес аумақта арнайы жабдықталған жолдар төселген. Оған қоса, санитарлық тораптар жөнделіп, мүгедектер арбалары сатып алынған және мобильділігі төмен азаматтарды вагондарға қауіпсіз отырғызу және одан түсіру үшін арнайы көтергіштер де қарастырылған.
№51/52 жолаушылар пойызына қатысты жүгінген азаматқа, тасымалданатын жолаушылардың көп болмауына байланысты аталған бағыт шығынды болғандығы айтылды. 2023 жылы коммерциялық тасымалдаушының шығыны 990 млн теңгеге жеткен. Экономикалық тиімсіздікті ескере отырып, аталған бағыт бойынша пойыз қозғалысы тоқтатылған.
Алайда, халықты теміржол тасымалымен қамтамасыз ету үшін бүгінгі таңда №27/28 «Алматы-Орал» (Тальго), №7/8 «Алматы-Саратов» және №57/58 «Астана-Орал» жедел пойыздары қарастырылған. Жолаушылар ағыны ұлғайған жағдайда негізгі құрамға қосымша вагондар қосылады.
Көпбалалы әйелдер санатындағы азаматшаға «Ұзынағаш-Отар» жолының 101-143 км учаскесі бойынша 18 қаңтарда келісімшартқа қол қойылды деген жауап берілді. Мердігер KLV Insaat Anonim Sirketi карьерлерді рәсімдеу процедурасына кіріскен. Барлық рұқсат құжаты алынғаннан кейін компания учаскеде толық ауқымды құрылыс-монтаж жұмыстарын бастайды деп көзделіп отыр. Сонымен қатар жолшылар кадрлық және техникалық ресурстарды жұмылдыра бастаған.
Жылдың соңына дейін екі бағытта да жабынның төменгі қабаты бойынша қозғалысты ашу және жасанды құрылыстар бойынша барлық монтаждау жұмысын аяқтау жоспарда бар.
Автобус паркінің өкіліне қазіргі уақытта оның өтініші бойынша Ресей Федерациясының Көлік министрлігіне қосымша сұраныс жіберілгені туралы айтылды. Бұл ретте өтінішті қарау мерзімі тағы 30 күнге қайта ұзартылған. Аталған мәселе Ресей тарапынан алынған ақпараттың қорытындысы бойынша қаралатын болады.