Қоғам

«Менің бауырым» волонтерлік жобасы: 4 мыңға жуық студент оқудан өтті

Бүгінде Алматы, Астана қалалары мен Алматы, Жетісу және Қарағанды облыстарының 36 ЖОО мен колледждерінің 4 мыңға жуық студенті «Менің бауырым» жобасына атсалысуда. Еріктілер қатарына педагог, психолог, әлеуметтік педагог, заңгер, IT мамандықтары бойынша білім алушы 3-4 курс студенттері қосылды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Студенттер еліміздің 217 мектебінде ерікті болып қызмет атқаруда. Жобаны іске асыруда түрлі және тиімді тәсілдер қолданылады. Әсіресе зерттеу жүргізуге ерекше көңіл бөлінуде, оның ішінде туған жерді, экологияны зерделеу, сондай-ақ жобалар бойынша зерттеу қорытындысын таныстыруды еріктілер қызметін қорытындылау секілді мектепішілік шаралармен орайластыру жоспарлануда. Сонымен қатар шеберлік сыныптары, флэшмобтар, челлендждер, спорттық турнирлер, қайырымдылық акциялары, ток-шоу және TEDX форматындағы сыныптан тыс іс-шаралар қарастырылған. Бұл жұмыс түрлері жобаға қатысушылардың дамуына ықпал ететін интерактивті және жан-жақты білім беру ортасын құруға бағытталған.

«Бұл түрлі жастағы адамдарды біріктіретін республикалық ауқымдағы бірегей әлеуметтік жоба. Оның ішінде педагогтер, студенттер, балалар мен ата-аналар бар. Бұл жоба барлығына пайдалы болады және болашақтың мектебін құру үшін күш біріктіруге мүмкіндік береді, онда әркім өзінің қажетті және маңызды екенін сезініп, бойындағы үздік қарым-қабілеттерін ашады», – деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

Айта кетейік, жоба өткен жылдың қараша айында Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан мектеп оқушылары үшін қолайлы және дамытушы білім беру ортасын құруға ықпал ету мақсатында басталған болатын. «Менің бауырым» деген сөздің мағынасы тек қорғау ғана емес, сондай-ақ рухани қолдау дегенді де білдіреді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button