БастыДенсаулық

Орынбасарлары ауырып қалған Шымкент әкімі жалғыз жұмыс істеп жүр

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов пневмонияға қатысты жағдай туралы айтты. Қазір әкім жалғыз жұмыс істеп жүргені белгілі болды, оның орынбасарларының барлығы ауырып қалған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Соңғы уақытта өршіп тұрған пневмония қала басшылығын айналып өтпепті. Шымкент қаласы әкімінің екі орынбасары пневмония диагнозымен ем қабылдап жатса, екеуі ЖРВИ жұқтырған. Кәсіпкерлік пен медицина, идеология саласына жауапты орынбасарлар емханада пневмониядан емделіп жатыр.

Бұл туралы ақпаратты Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі растады. Ал Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов 24 маусымға дейін оқшауланған режимде жұмыс істеуге мәжбүр болған. Өйткені 10 маусым күні Шымкентке жұмыс сапарымен келіп-кеткен бұрынғы денсаулық сақтау министрі Біртановтан короновирус инфекциясы анықталған соң, шаһар басшысы тест тапсырып, екі апта бойы оқшауланып, онлайн режимінде жұмыс істеді.

Сындарлы шақта еліміздің үшінші мегаполисіндегі эпидемиологиялық ахуалды оңтайландыру жолында Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтенов күшейтілген жұмыс режимінде жұмыс істеп жатыр.

Ал маусым айының соңында Шымкентте жұқпалы аурулар саны күрт өсті. Яғни, пневмониямен ауырған науқастар саны 5,8 есеге артты. Ал ЖРВИ-мен ауырғандар саны 2 есеге өсті. Осыған байланысты жедел жәрдем қызметіне қоңырау шалатындар 5 есеге көбейген. Орта есеппен 1 күнде 2100-дей шақырту түсе бастаған. Шымкентте жұқпалы аурулар емделетін орын жеткілікті. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы айтты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button