БастыҚоғам

Халықаралық құсбегілік федерациясын құру туралы меморандумға қол қойылды

Қазақстанда ҚР Туризм және спорт министрлігі мен Ұлттық спорт қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен республикалық құсбегілік федерациясының жылдық қорытынды конференциясы өтті, деп хабарлайды Республикалық құсбегілік федерациясының баспасөз қызметі.

Конференцияға Моңғолия, Түркия, Ресей, Қырғызстан мемлекеттерінен арнайы шақырылған орнитологтар, спортшылар, жетекші жаттықтырушылар мен кәсіби төрешілер де қатысты.

Іс-шара барысында 2023 жылы өткен жарыстар – 5 халықаралық турнир, 4 ел чемпионаты және республикалық жарыстардың нәтижелері, сондай-ақ ұлттық құсбегілік федерациясының  жұмыс қорытындылары қаралды.

Сонымен қатар, жыл бойы Қазақстан ұлттық құрама командасының спортшыларына тұрақты жалақы тағайындалып, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығымен, Көлік министрлігімен және «ҚТЖ» ҰК-мен бірлесіп республика аумағы бойынша құстарды темір жолмен тасымалдау мәселелерін оңтайландыру және тасымалдау ережелеріне өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар жүргізілгені атап өтілді.

Ұлттық спорт түрін дамытудың басты мәселелерінің бірі – оның мәртебесін арттыру. Конференция барысында республикалық құсбегілік федерациясының президенті Берік Уәли халықаралық құсбегілік федерациясын құру туралы меморандумға қол қоюға бастамашы болды. Астанада өткен конференцияда аталмыш құжатқа Моңғолия, Түркия, Ресей және Қырғызстанның уәкілетті өкілдері қол қойды. Бұл маңызды қадам жас спортшыларды тартуға және оларды халықаралық деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.

Конференция қорытындысы бойынша ұлттық құсбегілік федерациясының өкілдері үздік спортшыларды, жаттықтырушылар мен төрешілерді марапаттау рәсімін өткізді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button