БастыҚоғам

Елордада құсбегіліктен халықаралық турнир аяқталды

Елорда іргесіндегі Софиев ауылында жыл сайынғы құсбегіліктен Күнтуған Тоқтыбайұлы атындағы халықаралық турнир бүгін өз мәресіне жетті. Бұл туралы “Құсбегілік” Федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.

Екі күнге жалғасқан сайысқа еліміздің түпкір-түпкірінен келген құсбегілермен қатар, Қытай, Моңғолия және қырғызстандық құс баптаушылар да қатысты.

Халықаралық доданың ашылу салтанатына Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Еркеғали Корбозов, Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Бақдәулет Сабитов және Республикалық құсбегілік федерациясы вице-президенті Жанжігіт Омархан қатысып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады.

– Қайырлы күн құрметті саятшылық дәстүрді жалғаушы ұл-қыздар! Марқұм құсбегі Күнтуған ақсақалдың құрметіне арналған турнир 2016 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Жыл санап халықаралық турнирдің деңгейіне көтеріліп, еліміздің абыройын асқақтата қазақ құсбегілерінің мәртебесін көтерді. Басты мақсатымыз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бұқаралық спортты дамытуға қатысты тапсырмаларын орындап, жас ұрпаққа ұлтымыздың ұлық өнерін дәріптеу. «Қазақстан көп ғасырлық тарихы, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыпы бар ел. Біз өскелең ұрпақтың бойына осы ұлттық құндылықтарымызды дарытып, тарихымызды, Ұлы даланың рухани байлығын насихаттап, мақтаныш және патриоттық сезімде тәрбиелеуіміз керек – деді басқарма басшысының орынбасары Еркеғали Корбозов.

Турнир қаршыға, ителгі және бүркіт сайыстарын қамтыды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған жарыс келер жылы елордада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатындар үшін дайындық болмақ.

– Өздеріңіз білетіндей, келер жылы бізде Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді. Ол бұған дейін екі рет Қырғызстанда, былтыр Түркияда ұйымдастырылды. Астана өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасында құсбегілік бар. Бұл сайыс сол ойындар алдындағы дайындықтың бірі деп айтсақ болады – деді Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Мадина Айтқалиева.

Атаулы халықаралық турнир биыл Астана төрінде 6-шы рет ұйымдастырылып отыр. Жарысқа әлем чемпионатының жеңімпазы Серікболсын Жалғасұлы, Азия чемпионатының жеңімпазы Арман Қошқаров сынды елордалық спортшылар қатысып өз бақтарын сынады.

Турнир қорытындысы бойынша қаршыға сайысында түркістандық Төлемырза Паңның «Тұйғыны» бірінші орын алды. Алматы облысынан келген Аян Сейтжанның «Көкжендеті» екінші, атыраулық Арман Қошқаров баптаған «Ақсеңгір» үшінші орынға ие болды.

Ал ителі сайысында елордалық Ерасыл Серікбекұлының «Қаракөзі» үздік атанды. Екінші және үшінші орындар қарағандылық Таңат Оспанқұлов баптаған құстардың еншісінде.

Сонымен бірге, бүркіт сайысында бірінші орынды атыраулық Арман Қошқаров жеңіп алды. Екінші орын елордалық Ерасыл Серікбекұлына бұйырса, ақмолалық Ерлан Кенжетаев тұғырда үшінші көрінді.

Айта кетейік, «Құсбегілік» Федерациясы» РҚБ-нің Бас серіктесі – «Самұрық Қазына» ҰӘҚ» АҚ, серіктесі – «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» КҚ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button