Алдағы қыркүйек айының соңғы аптасында Қытайдың Ханчжоу қаласында кезекті Азия ойындарының алауы тұтанады. Сарықұрлық додасында алғаш рет бокстан Париж Олимпиадасына жолдамалар сарапқа салынады.
Бәсі биік дода басталмас бұрын бокстан Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжановпен шәкірттерінің дайындығы мен жоспары туралы әз-кем әңгіме құрдық.
– Мырзағали Құланұлы, Азия ойындарына апаратын шәкірттеріңіздің есімдері белгілі болды. Соңғы дайындықтарыңыз қайда, қалай өтіп жатыр?
– Сарықұрлық додасына өте жоғары деңгейде дайындалып жатырмыз. Қазір Алматы облысындағы «Ақбұлақ» Олимпиадалық орталығында спортшылар тауға шығып, дене дайындығымен жаттығуды жалғастырып жатырмыз. Соңғы қорытынды жаттығу Тұркістан қаласында өтеді. Бұйырса, 20 қыркүйек күні Алматыдан Ханчжоу қаласына аттанамыз деп жоспарлап отырмыз.
– Ханчжоуда боксшылар арасында алғаш рет Париж Олимпиадасына жолдамалар сарапқа салынбақ. Жалпы, қанша лицензия сарапқа салынады?
– Өздеріңіз білесіздер, соңғы кездері бокста көптеген өзгерістер болды. Бұрын боксшылар Олимпиада ойындарында он салмақта сынға түссе, қазір оның үшеуі қысқарып, жеті салмақ қана қалды. Атап айтсақ, Париж төрінде ерлер 51, 57, 63,5, 71, 80, 92 және + 92 салмақ дәрежесінде сынға түседі. Сарықұрлық додасында да осы жеті салмақтан финалға шыққан қос боксшы Олимпиада жолдамасын қанжығаларына байлайды.
– Бұйырса, сол жеті салмақтан берілетін 14 жолдаманың қаншасын елге әкелуді жоспарлап отырсыздар?
– Оның барлығын ринг көрсетеді. Десе де, үш жолдамадан дәмеліміз.
– Өзіңіз қай салмақтарға басымдық беріп отырсыз?
– Нақты, қай салмақ екенін дәл қазір кесіп айтуға әлі ерте, бәрін уақыт көрсете жатар.
– Бұл жолы бағы жанбаған боксшылар тағы қандай жарыстарда Олимпиада жолдамасына таласуға мүмкіндіктері бар?
– Лицензия тарататын жарыстар Азия ойындарымен ғана аяқталмайды. Бұл басы ғана. Келесі, яғни, 2024 жылы Париждың жолдамалары сарапқа салынатын екі ірі халықаралық турнир болады. Соның бірі Италияда, екіншісі Бангкокта өтеді. Біріншісінде – 49, ал екіншісінде 51 лицензия ойнатылады деп жоспарланып отыр. Демек, Ханчжоуда жолы болмаған боксшыларға алда әлі де көптеген мүмкіндіктер бар. Менің басты мақсатым – боксшыларды Париж Олимпиадасына жеті салмақта толық құраммен апару.