508 этникалық қазақ отбасы еліміздің солтүстігіне көшуге рұқсат алды. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Көші-қон ағынын есепке алу үшін көшіп-қонушылардың 13 бағытын қамтитын «Құтты мекен» бірыңғай ақпараттық жүйесін құру жұмыстары іске асырылып жатыр. Бұл шара мемлекеттік шекарадан өткен Қазақстан және шетел азаматтарының келу мақсаты мен тұру мерзімінің бірыңғай есебін жүргізуге, «бір терезе» қағидаты арқылы көші-қон үрдістерінің бағыты бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуге мүмкіндік береді», – деді Үкімет басшысы жауабында.
Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта «Қандас», «Шетелдік жұмыс күші», «Еңбек нарығы» сияқты автоматтандырылған ақпараттық жүйелердің архитектураларына талдау жасалып, «Қоныс аударушыларды өңірлік квотаға қабылдау» мемлекеттік қызметін көрсету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
«Сонымен қатар, этникалық көші-қонды реттеу бойынша әдістер қайта қаралды. Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, шетелде тұратын этникалық қазақтардың қандас мәртебесін алуға өтінішін ҚР СІМ шетелдегі мекемесі арқылы еліміздің аумағында қандастарды «бір терезе» қағидаты бойынша орналастырудың жаңа тетігі енгізілді. Жаңа тетік пилоттық режимде бірқатар елде іске асырыла бастады. Қазіргі уақытта, «бір терезе» қағидаты бойынша солтүстік өңірлерге көшіру үшін 1 937 (631 отбасы) этникалық қазақтың өтініші қабылданды, оның 1 559-ы (508 отбасы) рұқсат алды», – деді Премьер-Министр.