
Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжде жарыстың ашылу салтанаты өтті.
Чемпионатқа қырық команда құрамында төрт жүздің үстінде спортшы қатысуда.
Волейболшыларға арнап Қорғаныс министрлігі мен Қарулы күштер Бас штабының спорттық-бұқаралық жұмысты ұйымдастыру бөлімінің бастығы подполковник Асан Нартаев сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға ойынды қызықты өткізуді, допты дұрыс беруді және нәтижелі соққылар жасауды тіледі.
– Волейбол сабақтары күшті, ептілікті, зейін қою мен сенімділікті қалыптастырады. Барлық осы қасиеттер әрбір әскери қызметшіге қажет. Сендерден қызықты әрі нәтижелі ойын күтеміз және ең мықты деген команда жеңіске жетсін, – деді ол.
Жарыс екі құрамда Қарулы күштердің XIII Спартакиадасы аясында өтуде. Бірінші құрамда Қорғаныс министрлігі мен Бас штабтың құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері жарысады. Екіншісінде – Қарулы күштердің бас басқармалары мен басқармаларының, сондай-ақ Ақмола өңірлік гарнизонының әскери бөлімдері мен мекемелерінің әскери қызметшілері бақтарын сынайтын болады.