БастыБілім

Маңғыстау облысына 1 500 нысаналы грант бөлінді

Маңғыстауға биыл педагогика ғылымдары, жаратылыстану, математика және статистика, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен машина жасау, өңдеу және құрылыс өнеркәсібі мамандықтарына қосымша 1 500 нысаналы білім беру гранты бөлінген. Сонымен қатар жергілікті бюджеттен 175 грант бөлінді.

«Облыстың биылғы мектеп бітіруші түлектері жалпы конкурсқа да, нысаналы грант конкурсына да қатыса алады. Дегенмен 1 бағытты таңдауы тиіс. Яғни, нысаналы грант конкурсын таңдаған талапкер – осы бағыттағы жоғары оқу орындарын таңдайды. Ал жалпы конкурсқа қатысқысы келетін түлек нысаналы грант конкурсына қатыса алмайды. Сонымен қатар 2023-2024 оқу жылында отандық жоғары оқу орындардарына түсу үшін ҰБТ-ның шекті балдары нақтыланды. Атап айтсақ, «Құқық» және «Педагогикалық ғылымдар» білім беру салалары үшін кемінде – 75 балл, «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» – 70 балл, «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» кемінде – 60 балл. Талапкер ұлттық жоғары оқу орнына түсу үшін кемінде – 65, ал өзге де жоғары оқу орындарына кемінде 50 балл жинау керек. Әр пән бойынша шекті 5 балл жинауы тиіс», – деді Маңғыстау облыстық Білім басқармасының бөлім басшысы Клара Құлатаева.

Айта кетсек, 5-20 шілде аралығында Ақтау қаласының 28 шағын ауданындағы №20 мектепте кеңес беру және құжат қабылдау пункті жұмыс жасайды. Бұл жерге 1 500 нысаналы грант бөлінген 42 ЖОО өкілдері келеді.

Бұдан бөлек, талапкерлер облыс әкімінің грантына 5-10 тамыз аралығында құжат тапсыра алады. Конкурс комиссиясының отырысы 20 тамызға дейін өтеді. Грант иегерлерінің тізімі 20 тамыздан кейін Білім басқармасының сайтында жарияланбақ. Аталған конкурс жөніндегі ақпараттар 10 шілдеге дейін Білім басқармасының интернет-ресурстарында хабарланады.

Айта кетейік, отандық ЖОО-ға түсу үшін талапкерлер жеке куәлік, ҰБТ сертификаты, 3х4 көлеміндегі фото, орта білім туралы аттестат (техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) ұйымдарының түлектері үшін диплом), № 075/у нысанындағы медициналық анықтама және ер жігіттер әскери тіркелу куәлігін тапсыру керек. Сондай-ақ жеңілдетілген санат бойынша конкурсқа қатысу үшін растайтын құжаттар ұсынылады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button