БастыБілім

Мәулен Әшімбаев: «Елге білімді және білікті басқарушылардың жаңа буыны қажет»

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев «Ашық Үкімет және басқарудың жаңа мәдениеті: есту, түсіну, әрекет ету» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты. Іс-шараны Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ұйымдастырды, деп хабарлайды Сенаттың Баспасөз қызметі.

Жиын барысында қатысушылар заманауи саяси мәдениет аспектілеріне және мемлекеттік басқару саласындағы жаңа тәсілдерге назар аударды. Сондай-ақ азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы диалогты нығайту мәселелерін талқылады.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде заманауи әрі әділ экономикалық-саяси жүйе құру, сондай-ақ, Қазақстанның орнықты дамуын қамтамасыз ету жолындағы негізгі міндеттердің бірі – елдегі мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту және оның тиімділігін арттыру екенін атап өтті. Соған байланысты Сенат Төрағасы табысқа жеткен әлемдік кейстерді зерделеп, оларды мемлекеттік органдар қызметінің ерекшелігін ескере отырып белсенді енгізуге шақырды.

Палата Спикері, бірінші кезекте, қызмет көрсету моделі негізінде мемлекеттік қызмет парадигмасын енгізудің маңызды екеніне тоқталды. Оның айтуынша, мұндай қадам мемлекеттік басқару саласының тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

«Қазір елімізде қызмет көрсету моделінің элементтерін енгізу бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл орайда адам, оның қажеттіліктері мен мақсаттары мемлекеттің басты назарында болатыны анық. Бұл – мемлекеттік басқару жүйесін дамытудың келесі, яғни табиғи және эволюциялық деңгейі. Мұндай жағдайда қызмет көрсету моделі қалыпты жұмыс істеуі үшін екі негізгі шарт қажет. Біріншісі – ашық, демократиялық саяси жүйе. Ол билік тармақтары арасындағы тежеу мен тепе-теңдік жүйесін, бәсекелестікті, ашықтықты және тағы басқаларын білдіреді. Екінші шарт – азаматтық қоғам, қуатты саяси партиялар, қалыптасқан өзін-өзі басқару институттары, тәуелсіз БАҚ, белсенді үкіметтік емес ұйымдар сияқты мемлекеттік органдардың орнықты және ықпалды серіктес-акторларының болуы. Сондықтан мемлекеттік басқаруды реформалау жүйесін саяси реформалармен үндестірудің маңызы зор», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат Спикері орталық пен өңірлер арасында мемлекеттік қызметшілерді жүйелі ротациялау мәселесіне ерекше назар аударды.

«Бүгінде көптеген жас азамат жауапты қызметтерге тағайындалып жатыр. Бұл – дұрыс. Мұндай саясатты толығымен қолдаймын. Алайда, қазіргі таңда орталық мемлекеттік органдарда негізгі позицияларда жұмыс істейтін мамандардың көбінде аймақтарда жинаған тәжірибесі жоқ екені де жасырын емес. Сондықтан орталық пен өңірлер арасында мемлекеттік қызметшілерді жүйелі ротациялауды қамтамасыз етудің маңызы зор. Биылғы наурыз айында Парламент «Мемлекеттік қызмет туралы» заң аясында қызметкерлерді ротациялау туралы норманы қабылдады. Бұл аталған үдерісті күшейтудің құқықтық және басқа да экономикалық негізін қалыптастырды. Енді ротация сөз жүзінде қалып қоймай, нақты іске асырылуға тиіс. Мұндай қадам қызметкерлерді негізгі позицияларға жылжыту кезінде нормаға айналуы керек. Қажет болған жағдайда Сенат осы бағыттағы тиісті заңнамаға жаңа өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесін бірлесіп талқылауға дайын», – деді Мәулен Әшімбаев.

Конференция барысында мемлекеттік қызметшілердің құқықтық тұрғыда әлсіз қорғалуы салдарынан туындайтын басқару жүйесіндегі осалдық та сөз болды. Сенат Төрағасы атап өткендей, осындай фактордың әсерінен мемлекеттік қызметшілер жауапкершілікті өз мойнына алудан және шешім қабылдаудан қорқады. Ал, ел Президентінің бастамасымен қолға алынған әлеуметтік-экономикалық реформаларды тиімді іске асыру үшін жауапкершілікке дайын бастамашыл басқарушылар қажет. Сондықтан Палата Спикері қазіргі заманғы технологияларды белсенді пайдалана отырып, жаңа формациядағы мемлекеттік қызметшілерді даярлауға баса мән беріліп жатқанын айтты.

«Елімізге білімді, білікті, бойына дұрыс құндылықтарды сіңірген басқарушылардың жаңа буыны қажет. Қазір мемлекеттік органдар үшін аналитиктер даярлау ісі де маңызды міндет болып саналады. Көптеген құрылымдарда сапалы талдау жасай алатын білікті мамандар жеткіліксіз. Былтыр біз Сенат жанынан Талдау мектебін құрдық. Мектеп аясында мамандардың екі тобын даярлап шығардық. Әр кезеңде екі ай бойы тәжірибелі қазақстандық және шетелдік аналитиктер, сарапшылар дәріс оқыды. Іріктеуден өткен жас тыңдаушыларға арнап тәжірибелік сабақтар ұйымдастырды. Осы жобаны іске асыру кезінде аналитиктерге сұраныстың жоғары екенін көріп, таң қалдық. Сол себепті, мемлекеттік басқару жүйесі үшін талдау дағдыларын меңгерген білікті мамандар даярлау жұмысын жүйелеудің маңызы зор. Осы бағытта Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен, басқа да құрылымдармен, шетелдік мамандармен ынтымақтастық орнатуға дайынбыз», – Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасы өз сөзінде Палатаның заң шығару қызметіне, оның ішінде әкімшілік реформалар саласында жүргізіліп жатқан жұмыстарға да тоқталып өтті. Сондай-ақ ол конференцияны ұйымдастырушыларға мемлекеттік басқару саласындағы өзекті мәселелерді жан-жақты және конструктивті түрде талқылауға мүмкіндік бергені үшін алғыс білдірді.

Айта кетейік, іс-шараға Сенат Төрағасымен бірге Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов, БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори, экономика профессоры, Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг және басқа да отандық және шетелдік сарапшылар, ғалымдар, мемлекеттік органдардың, бизнес-құрылымдар мен азаматтық қоғам институттарының өкілдері қатысты.

Сымбат Төлегенова

Тулегенова Сымбат Тулегеновна родилась 9 марта 2000 года в городе Жезказган, Карагандинская область. Окончила Евразийский национальный университет имени Л.Н. Гумилева (2017-2021). Специальность - журналист.

Басқа жаңалықтар

Back to top button