ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте тау-кен металлургия кешені мен газ саласын дамыту мәселелері қаралды, деп хабарлайды Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Кеңеске қатысушылар перспективалы газ және газ конденсаты кен орындарын игеру, өнеркәсіптік кәсіпорындарды отынмен қамтамасыз ету шаралары, шикізатты тасымалдау үшін теміржол инфрақұрылымын дамыту және басқа да бірқатар өзекті мәселелерді қарады.
Сонымен қатар кеңесте қыс мезгілінде халықты көмірмен қамтамасыз ету мәселесі жан-жақты талқыланды.
Премьер-Министр өткен жылыту маусымдағы тәжірибеге сүйене және цифрлық шешімдерді пайдалана отырып, отынды сатудың ашық нарықтық механизмін әзірлеу қажеттігін айтты. Бұл тәсіл сауда-саттықты реттеуге, көмірді тұтынушылар арасында біркелкі бөлінуін қамтамасыз етуге және сұраныс артқан кезеңде бағаның негізсіз көтерілуіне жол бермейді.
Кеңеске орталық мемлекеттік органдардың, «Қазақстан темір жолы» және «QazaqGaz» ұлттық компанияларының, сондай-ақ ERG компаниясының басшылары қатысты.