2021 жылы елімізде бір қызметкердің орташа айлық жалақысы 2020 жылмен салыстырғанда 17,5%-ға өсті. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлім етті, деп хабарлады Elorda.info.
Ведомствоның мәлім етуінше, жалақының өсуі негізінен тарифтік мөлшерлемелер мен лауазымдық жалақылардың, сондай-ақ біржолғы төлемдер мен сыйақы көлемінің ұлғаюы есебінен болған.
Орта есеппен 2021 жылы кәсіпорындар мен ұйымдар қызметкерлерінің тарифтік мөлшерлемелері мен лауазымдық жалақылары 20,3%-ға өсті.
Лауазымдық жалақылардың ең жоғары өсімі 2021 жылы білім беру және денсаулық сақтау саласында тіркелді, тиісінше 28,1%-ға және 34,4%-ға, сондай-ақ көтерме және бөлшек сауда саласында 25,9%-ға өсті.
Өнеркәсіп, құрылыс және көлік қызметкерлерінің лауазымдық жалақылары 2020 жылғы деңгеймен салыстырғанда орта есеппен 12-15%-ға өсті. Өнер, ойын-сауық және демалыс, сондай-ақ тұру және тамақтану қызметтері қызметкерлерінің лауазымдық жалақысы өзгеріссіз қалды.
Қаржы және сақтандыру қызметі, өнеркәсіп, сондай-ақ көлік және қоймалау; көтерме және бөлшек сауда қызметкерлері еңбекақысының жоғары деңгейде болуы оның үштен бір бөлігінің сыйлықақылар мен біржолғы төлемдер есебінен қамтамасыз етілуімен байланысты, – делінген Ұлттық статистика бюросы хабарламасында.
Ведомствоның хабарлауынша бюро пайдаланатын орташа айлық жалақыны есептеу әдістемесі Халықаралық еңбек ұйымының стандарттары мен әдіснамасына сәйкес келеді. Орташа айлық жалақы туралы деректер кәсіпорындардың тоқсан сайынғы статистикалық есептілігі негізінде есептеледі. Бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы қосымша ақыларды, үстемақыларды, сыйақыларды, сондай-ақ салықтармен басқа да ұсталымдарды (табыс салығы, міндетті зейнетақы жарналарын) есепке ала отырып қалыптастырылады.