БастыҚоғам

Алдағы жылыту маусымына дайындық мәселелері талқыланды – ҚР ИИДМ

Алдағы жылыту маусымына дайындық мәселелері ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ерекше бақылауында. Осыған байланысты кешенді іс-шаралар алгоритмі әзірленіп, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп көмір өнімдеріне қажеттілік жоспары дайындалды.

Осылайша, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаевтың төрағалығымен өткен жиында жылу беру маусымына дайындық мәселелері жан-жақты талқыланды. Отырысқа көмір өндіруші компаниялар, жергілікті атқарушы органдар және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өкілдері қатысты. М. Қарабаев өз сөзінде бюджеттік ұйымдар үшін көмір дайындау жұмыстарын 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін аяқтап, кейін халық үшін жылыту маусымына көмір дайындау үрдісін бастау қажеттігін айтты. Сондай-ақ, елімізде көмір тапшылығын болдырмау үшін көмір өнімдерін жеткізушілермен белсенді өзара әрекет жасаудың маңыздылығына назар аударды.

Сонымен қатар биыл көмір бағасының заңсыз өсуіне тосқауыл қою үшін тұрақты түрде мониторинг жүргізілмек. Бұл жұмысқа монополияға қарсы ведомствоның аумақтық бөлімшелерін тарту көзделіп отыр. Бұдан бөлек, халыққа көмір сату нүктелері, ондағы көмір өнімдерінің бар-жоғы, көмірді алдын ала сатып алу туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілетін болады.

Айта кетерлігі, 2022 төрт айының қорытындысы бойынша еліміздің көмір өндіруші компаниялары 39 млн тонна көмір өндірген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,7 пайызға артық.

Басқа жаңалықтар

Back to top button