Қазақстан мен Германия арасындағы энергетикалық ынтымақтастық нығая түспек. Бұл туралы «Қазақстан-Германия энергетикалық диалогы» шеңберінде энергия тиімділігі, жаңартылған энергия көздері және сутегі жөніндегі жұмыс тобының отырысында мәлім болды.
Онлайн режимде өткен жиынға ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев, ҚР Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов, Азиямен климаттық және энергетикалық ынтымақтастық бөлімінің басшысы, Германияның Экономика және климатты қорғау федералды министрлігінің өкілі Штефани Шмид-Любберт, «Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты» АҚ Басқарма төрағасы Бауыржан Смағұлов және сарапшылар қатысты.
Басқосуда Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев сөз сөйлеп, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласында атқарылған ауқымды жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ ол өз сөзінде осы тарапта Қазақстан мен Германия арасындағы 10 жылдық стратегиялық ынтымақтастықтың маңыздылығына назар аударды.
Осы орайда айта кетейік, Қазақстанда «2022-2026 жылдарға арналған энергия үнемдеу және энергия тиімділікті арттыру Жол картасы» жасалды. Ол еліміздің ЖІӨ энергия сыйымдылығының төмендеуіне бағытталған. Себебі Жол картасы энергетика, өнеркәсіп, бюджет, ғимараттар мен көлік секторларының, сондай-ақ еліміздегі өңірлерінің көрсеткіштерін ескере отырып әзірленген.
«Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты» АҚ Басқарма төрағасы Бауыржан Смағұлов энергия сыйымдылығы аясында қол жеткізілген мақсаттардың бірі – Мемлекеттік энергетикалық тізілімді енгізу екендігін атап өтті. Оның аясында 20 мыңнан астам нысанның энергия тұтыну көлемін талдауға мүмкіндік туған.
«Бүгінде өндірістік кәспорындар еліміздің 40 пайыздан астам энергия ресурстарын тұтынады. Энергоаудиттың бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша өндірістік сектордың орташа қуатының көлемі 10 пайызды құрайды. Энергия үнемділік пен энерготиімділік бойынша іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруға 709 млн АҚШ доллары көлемінде қаражат қарастырылған. Тізілімнің нысандары шеңберінде мың жарымнан астам энергоаудит жүргізілді. Аталған Жол картасын енгізудің нәтижесінде 182,5 млн доллар көлеміндегі қаржы үнемделді», – деді Б. Смағұлов.
Энергия үнемдеу саясатының басты құралдарының қатарында энерготиімділік картасының да маңызы зор. Оның аясында 181 жоба іске асырылуда. Оның ішінде 55 жоба мемлекеттік-жеке меншік әріптестік механизмі шеңберінде орындалмақ. Олардың ішінде соңғы жылдары сәтті жүзеге асырылған жобалардың бірі – көше жарықтандыру бойынша жүргізілген модернизация жұмыстары. Қазіргі таңда Қазақстандағы көше шамдарының жартысы диодты шамдарға ауыстырылған. Жыл сайын энергия үнемдеу көлемі 55 пайыздан асып, экономикалық тиімділігі 1,3 млн долларды құрады. Осыған орай бүгінде Қазақстандағы заманауи диодты көше шамдарының үлес салмағы 55 пайыздан астам.
Сонымен қатар жиын барысында ЖІӨ және сутегі энергетикасы мәселелері, оларды дамыту мен елдер арасындағы бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері талқыланды.
Басқосу соңында Бауыржан Смағұлов германиялық әріптестер мен еліміздің стратегиялық партнері болып табылатын «Dena» энергетикалық агенттігінің өкілдеріне нәтижелі жұмыстары үшін алғысын білдірді. Ол өз сөзінде энергия үнемдеу мен энерготиімділік аясындағы өзара тәжірибелер мен қарым-қатынастар, сондай-ақ германиялық энергия тиімділігін арттыратын технологияны Қазақстанда қолдану аясын кеңейту мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты арттыруға тың серпін беретіндігін атап өтті.