ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ел экономикасының салаларын білікті кадрлармен қамтамасыз ету шаралары қаралды.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов, Қ. Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің ректоры Мейрам Бегентаев және Хромтау тау-кен техникалық колледжінің директоры Бағдашжан Молдашева баяндама жасады.
ҚР БҒМ басшысының айтуынша, кадрларды сапалы даярлау мемлекеттік органдардың, оқу орындары мен жұмыс берушілердің бірлескен жұмысына тікелей байланысты. Қазіргі уақытта елімізде 1 млн-нан астам адам оқудан өтеді, олардың 300 мыңы жыл сайын еңбек нарығына шығады. Кадрларды даярлау деңгейін арттыру үшін ҚР БҒМ білім беру гранттарының санын ұлғайтуды, оқуға түсу үшін іріктеу жүйесін жетілдіруді, топ-менеджментті жаңартуды және ЖОО-лардың академиялық еркіндігін кеңейтуді, жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеуді, қосарлы білім беруді дамытуды, ҚР-да шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуды, колледждер жанынан құзыреттер орталықтарын құруды, сондай-ақ мемлекеттік бақылауды күшейтуді көздейтін алты негізгі бағыт бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
Бұл орайда, Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, бірқатар проблемалық мәселе бар: сертификаттау жүйесі жеткілікті дамымаған; жұмыс берушілердің кадрлар даярлауға қызығушылығының төмендігі; жаңа білім беру жобаларын қаржыландыруды арттыру және ЖОО мен колледждердің материалдық-техникалық базасын жаңарту талап етіледі; кадрларға қажеттілікті болжау әдістемесін жетілдіру қажет.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басшысы Тамара Дүйсенова өз сөзінде еңбек нарығының 2030 жылға дейінгі негізгі сын-тегеуріндері – жұмыс күшіне енетін жастардың айтарлықтай өсуі, экономикадағы жұмыс орындарының жеткіліксіз генерациясы, сондай-ақ бірқатар кәсіптің жойылуына алып келетін технологиялар мен инновациялардың жедел таралуы екенін айтты.
Осының барлығы Ұлттық біліктілік жүйесі (ҰБЖ) негіз болатын кадрларды даярлау жүйесін одан әрі жаңғырту қажет екенін білдіреді. Бұл орайда ҰБЖ-ны жаңа экономикалық жағдайларға бейімдеу талап етіледі.
Осы жұмыс шеңберінде нақты мамандардың тапшылығын болжау тетіктерін жетілдіру, Кәсіптік стандарттар банкін құру және әрбір мемлекеттік органға барлық салалық мамандықтарды кәсіптік стандарттармен қамту бойынша жауапкершілік бекіту жоспарланып отыр.
Тағы бір басты міндет – кәсіптік стандарттар негізінде білім беру бағдарламаларын әзірлеу. Бұл бағытты ынталандыру үшін кәсіптік стандарттарға сәйкес өзектендірілген бағдарламалар негізінде оқытатын ұйымдарға мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлу ұсынылады.
Сонымен қатар қазіргі уақытта қызметкерлердің кәсіби біліктіліктерін тану тәртібін заңнамалық бекіту бойынша жұмыс жүргізілуде, бұл ҰБЖ-ның дамуына ықпал етуі керек. Осы бағыт шеңберінде формалды емес және информалды білім беруді тану тетіктері, жұмыссыздардың біліктілігін танудың ваучерлік-модульдік жүйесі және жұмыс берушінің қызметін декларациялау кезінде қызметкерлердің біліктілігін тануды есепке алу жүйесі пысықталып жатыр.
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов кәсіби кадр даярлау ісі Қазақстан үшін ең өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті.
«Жаңа кәсіпорындар салып, инвестициялық жобаларды іске асыру үшін экономикаға жоғары білікті мамандар қажет. Индустрияның дамуы адами капиталдың сапасына байланысты. Елімізде ұлттық жобаларды, Халықтың табысын арттыру бағдарламасын іске асыру аясында екі млн-нан астам жаңа жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кадр даярлау жүйесін қайта бағдарлауға айрықша назар аударды», — деді ҚР Премьер-Министрі.
Үкімет басшысы отандық университеттердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және шетелдік ЖОО-да білім алғаннан кейін жастардың елден кетуін қысқарту үшін жоғары білім беру жүйесін қайта қарау қажет екенін атап өтті.
«Кадрларды дайындау мақсатында экономикаға қажетті мамандықтардың өңірлік карталарын жасап, кәсіпорындардың колледждерді қамқорлыққа алу тәжірибесін дамыту жоспарланып отыр. Мектептерде оқушыларды ерте бастан кәсіпке бейімдеу жұмыстарын жүргізу қажет. Колледждер мен жоғары оқу орындары жастар мен жұмыс берушілер және инвесторлар үшін “тартылыс орталығына” айналып, дәстүрлі оқу бағдарламаларын ғана емес, қысқа мерзімді бағдарламаларды да ұсынулары керек. Осы міндеттердің барлығы Білім беруді дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасында ескерілуі тиіс», — деді Ә. Смайылов.
ҚР Премьер-Министрі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, «Атамекен» ҰКП-ға және өңірлер әкімдіктеріне бірқатар тиісті тапсырмалар берді.