БастыБілім

Ералы Тоғжанов University of Arizona өкілдерімен кездесті

Мемлекет басшысының жоғары білім беру жүйесін экономика сұранысына қарай, оның ішінде шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу арқылы қайта форматтау жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетімен ынтымақтастық модельдерін талқылау үшін University of Arizona өкілдерімен кездесті.

Айта кету керек, University of Arizona – 136 жылдық тарихы бар қоғамдық ғылыми-зерттеу университеті. «Карнеги классификациясы» бойынша университет R1 санатына жатады, яғни бұл зерттеу қызметінің жоғары деңгейіндегі университет. University of Arizona Шанхай рейтингісінде (ARWU) 101-150, Times Higher Education-да 124 орында. 2021 жылы Білім және ғылым министрлігі, University of Arizona және М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Кездесу барысында сондай-ақ қазақстандық жоғары оқу орнын University of Arizona сенімді басқаруына беру мәселелері қаралды.

Өңірлік университеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін білім беру процесінде University of Arizona-ның үздік тәжірибелері қолданылатын болады. Осылайша, ынтымақтастық шеңберінде University of Arizona моделі бойынша білім беру бағдарламалары әзірленеді.

Қазақстандық студенттер үшін қос диплом алу мүмкіндігі беріледі: қазақстандық ЖОО және Universitу of Arizona. Академиялық ұтқырлық бағдарламалары белсенді дамитын болады.

Вице-Премьер өз сөзінде Білім және ғылым министрлігіне және басқа да уәкілетті мемлекеттік органдарға барлық қажетті ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуді және осы жылдың қыркүйегінде СҚУ-да Arizona университеті филиалына студенттерді алғашқы қабылдауды жүзеге асыруды тапсырды.

Шетелдік профессорларды, сондай-ақ жетекші отандық ғалымдарды тарту жоспарлануда. Бұл өңірлік жоғары оқу орындары базасында озық ғылыми зерттеулер мен халықаралық жобаларды жүргізуге мүмкіндік береді.

Бұл бастама жоғары білім беруді интернационалдандыруды кеңейтуге және өңірде өсу орындарын қалыптастыруға ықпал ететін болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button