БастыБілім

2022 жылы гранттар саны 10%-ға артады

2022 жылы гранттар саны 10%-ға артады. Бұл туралы Үкімет отырысында министр Асхат Аймағамбетов айтты.

Бұған қоса техникалық бағыттарға басымдық пен қолжетімділікті кеңейту үшін техникалық мамандықтарға арналған гранттардың үлесі 40%-дан 60%-ға дейін ұлғайтылатын болады. Сондай-ақ, ауылдық квота да биыл 35%-ға дейін ұлғайтылады.

«Білім сапасы жағынан алшақтығы бар өңірлердің абитуриенттеріне техникалық бағыттары бойынша қосымша 10 000 нысаналы грант бөлінетін болады. Біз талдау жүргізіп, өңірлерді анықтадық. Бұл – Маңғыстау, Атырау облыстары. Жоспарға сәйкес студенттер еліміздің  жетекші жоғары оқу орындарында білім алатын болады. Сондай-ақ, оқу аяқталған соң тұрғылықты жерлеріне барып өтеу көзделеді», — деді министр.

Қоғамдық тәртіпті сақтау жөніндегі міндеттерді орындау кезінде қаза тапқан құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің балаларына университеттерде тегін оқу үшін білім гранттарын беру жөніндегі норма енгізіледі.

«Экономика үшін кадрларды жедел даярлау үшін биыл пилоттық режимде 2,5 – 3 жыл оқытумен қолданбалы бакалавриат енгізіле басталады. Жоғарғы білім беруде «онлайн-оқыту» жаңа нысанын енгізу жоспарлануда. Тиісті заң жобасы Мәжілісте қаралуда. Бұл цифрландыру заманының сұранысына сай келетін шара», — деді А. Аймағамбетов.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша беделді шетелдік университеттердің 5 филиалы ашылады.

«Қазіргі уақытта елімізде Де Монтфорт Лестер Ұлыбритания университетінің филиалы жұмыс істей бастады. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін Аризона университетіне сенімгерлік басқаруға беріледі. Сондай-ақ, техникалық бағыттар бойынша Ресейдің үздік жоғары оқу орындарының филиалын ашу бойынша келіссөздер жүргізілуде. Тағы да бір британдық университеттің филиалын ашу бойынша келісссөздер жүріп жатыр. Еліміздің батыс өңірі жастарының жоғары стандарттарға негізделген білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында екі жетекші шетелдік техникалық университеттің филиалдары ашылатын болады», — деді А. Аймағамбетов.

Басқа жаңалықтар

Back to top button