БастыМәдениет

Жыр жампоздары төр Алтайда бас қосты

Шығыс Қазақстан облысы Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы, Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығы, Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы, желтоқсан оқиғасының 35 жылдығы қарсаңында «Төр Алтай жырлайды» атты поэзия-фестивалі өтті. Іс-шара Абай Құнанбайұлы мен Жамбыл Жабаевтың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды

«Ертіс концерт» залында өткен мәдени іс-шараның мақсаты – киелі мұраны кеңінен насихаттап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу, талантты жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеп, жан-жақты қолдау көрсету, халыққа таныту. Сондай-ақ, ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай еліміздің бастан өткерген талай қилы кезеңдерді, асқар асуларды, бағындырған биік белестерді әсерлі де өткір жырлармен өрнектеу.

«Төр Алтай жырлайды» поэзия фестивалі аясында облыстық А.С. Пушкин атындағы және Оралхан Бөкей атындағы орталық кітапханаларда елімізге танымал ақындармен кездесу ұйымдастырылды. Олардың арасында халықаралық Алаш және Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасы төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, танымал жазушы Әлібек Асқаров, Қазақстан Жазушылар және журналистер одағының мүшесі, жазушы Кәдірбек Сегізбай, филология ғылымдарының докторы, профессор, ақын Бауыржан Жақып, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты, белгілі ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Д. Кәпұлы бар.

Осылайша поэзия кеші өңірдің жас ақындары мен дарынды ұл-қыздарына бүгінде республикаға танымал жерлес ақын-жазушылармен шығармашылық байланыс орнатып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік тудырды. Ал, фестивальге қатысушы ақындардың тізімін ҚР Жазушылар одағының облыстық филиалы ұсынды. Олардың ішінде кәмелетке толған өнерпаздардан бастап, жастары қырықтың қырқасына жақындаған ақындар да бар. Поэзия кешінде ақындар белгіленген тақырыпта және еркін тақырыпта жеке шығармашылықтарынан жыр төкті.

Айта кетейік, фестиваль қатысушыларына ШҚО әкімінің және Мәдениет басқармасының алғыс хаттары, естелік мүсін, облыс әкімінің бір реттік сыйақысы табысталды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button