Қоғам

«Еңбек» бағдарламасы аясында 650 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды

Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов халыққа есеп беру кездесуінде айтты.

Ведомство басшысы пандемиядан туындаған қиындықтарға және өткен жылы қабылданған шектеу шараларына қарамастан, еңбек нарығының негізгі индикаторлары жағдайдың тұрақтылығын көрсеткенін атап өтті. Бұған Үкімет қабылдаған, халықты жұмыспен қамтуға бағытталған жедел шаралар кешені ықпал етті.

«Тек «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2020 жылы 650 мыңға жуық адам қамтылды, олардың 319 мыңы тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. 70 мыңнан астам адам қысқа мерзімді курстарда оқумен және техникалық-кәсіптік біліммен қамтылып, 33 мың адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды», – деді Серік Шәпкенов.

Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау үшін 13 мыңға жуық жеңілдетілген шағын несие және жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 45 мың қайтарымсыз мемлекеттік грант берілді. Оның ішінде 1,4 мың шағын несие көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға берілді. Шағын несие алғандар 13,7 мың қосымша жұмыс орнын ашты.

Сондай-ақ, өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» дағдарысқа қарсы бағдарламасы (бұдан әрі – ЖҚЖК) аясында 239 мың адам жұмысқа орналастырылды, олардың көпшілігі – халықты жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген жұмыс іздеушілер мен жұмыссыздар. Жұмыспен қамтудың жол картасының арқасында 6,7 мың әлеуметтік маңызы бар нысан іске қосылды.

«Биыл Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыруға 300 млрд теңге қарастырылған, олар төрт негізгі бағытты қамтыды: халықтың өмір сүру сапасын арттыру, ШОБ үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ өңірлерде агроөнеркәсіптік кешен мен бизнесті дамыту. Осы бағыттар аясында шамамен 41 мың жұмыс орны құрылады, олардың 69%-ы тұрақты жұмыс орындары», – деді Еңбек министрлігінің басшысы.

Серік Шәпкенов атап өткендей, бөлінген қаражаттың 42,5%-ы (127,5 млрд теңге) халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталады. Шамамен 33,3%-ы (100 млрд теңге) – агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға және 24,2%-ы (72,5 млрд теңге) өңірлерде бизнесті дамытуға және «Атамекен» ҰКП мен жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен микроқаржы ұйымдары арқылы шағын несие беруге пайдаланылатын болады.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, биыл «Еңбек» ұлттық жобасы бекітіліп, ол еңбек нарығын дамытудың жаңа жағдайында жұмыспен қамту мәселесін шешуге бағытталатын болады.

«Ұлттық жоба аясында халықтың әрбір нысаналы тобының жұмыспен қамтылуын қолдауға бағытталған құралдар енгізіледі. Қазіргі заманғы экономика талаптарына сәйкес, оқытудың жаңа түрлері (онлайн және жұмыс орнында) арқылы еңбек ресурстарының дағдыларын дамытуға қолдау көрсетіледі. Жеке секторда жұмыс орындарын құру үшін өңірлік экономикаларда зәкірлік кооперация мен өндірістік тізбектерді дамытуға шағын несие беру арқылы қолдау көрсетілетін болады», – деп атап өтті Серік Шәпкенов.

Жалпы, 2021 жылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары аясында 1,2 млн адам қамтылады, оның ішінде:

– «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы – 700 мыңнан астам адам;

– Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 41 мың жұмыс орны құрылады, оның ішінде 28 мыңы тұрақты жұмыс орны болады;

– басқа мемлекеттік бағдарламалар аясында 440 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда.

Басқа жаңалықтар

Back to top button