Қоғам

Биыл он мыңға жуық жұмыскердің құқығы қорғалды

Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов халыққа есеп беру кездесуінде айтты.

Ведомство басшысы Еңбек министрлігі еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі іс-шаралар кешенін тұрақты негізде іске асырып жатқанын атап өтті. Осылайша, 2021 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары қабылдаған шаралар нәтижесінде 4 мыңнан астам заң бұзушылық жойылды; жалпы сомасы 1,7 млрд теңге болатын жалақы берешегі өтелді және 9,6 мыңнан астам жұмыскердің құқығы қорғалды.

«Қазақстан «Еңбек нарығы» факторы бойынша Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің рейтингі бойынша көшбасшы елдердің отыздығына кіреді. Еңбек заңнамасын одан әрі жетілдіру мақсатында 2020 жылы Еңбек кодексіне түзетулер пакеті қабылданды. Атап айтқанда, қызметкерлердің қарыздық еңбек саласындағы еңбек құқығын реттеуді және қорғауды ретке келтіру мәселесі бар. Еңбек жанжалдарын болдырмау жөніндегі кешенді жоспар бекітіліп, іске асырылуда. Кәсіпорындардағы жағдайға мониторинг жүргізу үшін министрлік жанынан құрылған ахуалдық орталық жұмыс істейді», – деп хабарлады Серік Шәпкенов.

Биыл жыл басынан бері елімізде еңбек дауларының туындау тәуекелі бар 254 проблемалық кәсіпорын тіркелген, олардың 183-інде жағдай шешілсе, 71 кәсіпорындағы ахуал министрліктің тұрақты бақылауында және әкімдіктер тиісті шаралар қабылдауда.

«Жұмыскерлердің құқығын қорғаудың маңызды талаптарының бірі қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету. Қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы 5 жылда өндірісте зардап шеккендер саны 10,7%-ға азайды (1683-тен 1503-ке дейін, оның ішінде қаза тапқандар саны 16,2%-ға, 248-ден 208 адамға дейін азайған). 2020 жылы зиянды еңбек жағдайында жұмыс істегені үшін 672 мың қызметкер 141 млрд теңге сомасында түрлі өтемақы алды», – деді министр.

Сонымен қатар, төмендеу қарқынына қарамастан, өндірістегі жарақаттану мәселесі әлі де өзекті болып отырғанын атап өтті. Еңбек министрлігі түйткілді тарқату мақсатында мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, Өндірістік жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайту жөніндегі 2019-2023 жылдарға арналған жол картасын іске асыруда. «VisionZero» нөлдік жарақаттану тұжырымдамасын ілгерілету бойынша жұмыс жалғасуда (қазіргі кезде елдегі 216 кәсіпорын осы тұжырымдаманы қолдады).

«Бүгінде біз 2025 жылға дейінгі қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспарын және 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының жобасын әзірлеп жатырмыз. Онда Еңбекті қорғауды басқарудың тәуекелге бағдарланған ұлттық жүйесін құруда әлеуметтік әріптестік тараптарының белсенді қатысуын қамтамасыз ететін жүйелі шаралар айқындалатын болады. Әлеуметтік әріптестікті дамыту аясында Үкімет, жұмыс берушілер және кәсіподақтар арасында барлық тараптардың мүдделерін қорғауға бағытталған 2021-2023 жылдарға арналған жаңа Бас келісім жасалды. 147,7 мың ұжымдық шартқа қол қойылған, оның ішінде 96,4%-ы ірі және орта кәсіпорындарда болып отыр. Әлеуметтік әріптестік бойынша үшжақты комиссияның 77 отырысы өткізілді», – деді министр Серік Шәпкенов.

Сондай-ақ, ол жұмыс берушілермен жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмысының нәтижесінде 1,2 млн жалақысы төмен қызметкердің еңбекақысы орта есеппен 32%-ға артқанын айтты. Салаларда еңбекақы төлеудің бірыңғай стандартын құру жұмысы жүргізілуде.

«Еңбек нарығындағы жаңа талаптарды, жағдай мен тәуекелдерді ескере отырып, еңбек заңнамасын жетілдіруді жалғастырамыз. Қашықтан жұмыс істеу, икемді жұмыс кестесі, ішінара жұмыспен қамту сияқты жұмыс күшін жалдаудың жаңа формаларын енгізу бойынша халықаралық тәжірибе зерделенуде. Еңбек даулары мен жанжалдарды шешу, сондай-ақ еңбек заңнамасын бұзатын адамдардың жауапкершілігін қатаңдату жөнінде заң жобасын әзірлеу жоспарлануда», – деп түйіндеді Еңбек министрлігінің  басшысы.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button