БастыЭкономика

«Помологиялық бақты қайта дамыту»: генофонд және болашақ селекциясы» атты дөңгелек үстел өтті

Ерекше құқықтық ереже жеміс-жидек дақылдары мен жүзім сорттарының бірегей 80 жылдық коллекциясын дегенерациядан құтқаруға, өсімдіктердің жинақталған гендік қорын сақтауға, генетикалық үлгілер жинағын кеңейтуге және селекциялық жұмысты дамытуға жаңа мүмкіндік береді

Алматы облысы Талғар ауданы Алмалық ауылында Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастыруымен «Помологиялық бақты қайта дамыту»: генофонд және болашақ селекциясы» атты дөңгелек үстел отырыс ұйымдастырылды.

Бақшаны қалпына келтіру, жеміс-жидек дақылдары мен жүзімнің шетелдік және отандық селекциясының гендік қорын сақтау және кеңейту проблемалары мен тетіктерін сараптамалық талқылауға ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ, Ботаника және фитоинтродукция институтының, ҚР көшет материалын өндірушілер қауымдастығының, Қазақстан бағбандар одағының, Алматы облысы бағбандар бірлестігінің, Сиверс алмасын сақтау халықаралық қорының ғалымдары мен басшылары қатысты, сондай-ақ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің, ергілікті атқарушы органдардың, Қазақстандағы БҰҰДБ, Nur Otan партиясының, Іле-Алатау және Жоңғар-Алатау ұлттық парктерінің өкілдері қатысты.

Алма сорттарының әлемдегі ең үздік топтамаларының бірі және Қазақстандағы жалғыз помологиялық бақтың (помология – жеміс пен жидек өсімдіктері сорттарын зерттеумен айналысатын ғылым) проблемаларына қоғамның назарын аудару үшін ұйымдастырушылар БАҚ-ты, экологтарды және Алматы қаласының қоғамдық даму кеңесінің мүшелерін шақырды.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар питомниктің негізгі проблемаларын және көпжылдық дақылдардың гендік қорын сақтаудың әлемдік тәжірибесін талқылады, помологиялық бақшаны жандандыру бойынша іс-шаралар жоспарының тұжырымдамалық бағыттарын анықтады, сондай-ақ оған Қазақстан Республикасының ұлттық игілігі мәртебесін беру туралы қолдаухат жобасын дайындады.

Бұл бақтың көпжылдық тарихы 1933 жылы Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтының жеміс бөлімінде шекілдеуік, сүйекті жеміс, жидек дақылдары мен жүзімнің плантациялық коллекцияларын жасаудан басталған. 1937 жылы ҚазКСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен Алматы облысының Талғар ауданында «Помологиялық бақ» тәжірибе алаңы құрылды. Онда Қазақстанға Ресейден, Украинадан және көршілес Азия республикаларынан қоныс аударушылар әкелген түрлі дақылдардың көне сорттары ұсынылды.

Помологиялық бақ Ұлы Отан соғысы жылдарында да жұмысын тоқтатқан жоқ. Үлкен селекциялық жұмыс, шетелдік және жергілікті түрлерді интродукциялау мен будандастыру барысында ғалымдар жүзімнің, алмұрт пен алма ағаштарының мыңдаған түрін, соның ішінде әлемнің басқа өңірлерінде өспейтін атақты апорт пен Сиверс алма ағашын алды. Бұлар – Қазақстанның символына айналды.

Бақтың генетикалық өсімдік ресурстар коллекциясы өте бай. Оның құрамына алуантүрлі ботаникалық, генетикалық, географиялық және экологиялық үлгілер кіреді.

Алматы қаласының помологиялық бағындағы жеміс, жаңғақ, жидек дақылдары мен жүзімнің георесурстары республиканың құнды стратегиялық әлеуеті болып есептеледі. Оны жаңа ресурстық және энергия үнемдейтін сорттарды жасау үшін түрлі табиғи климаттық жағдайларда пайдалануға болады.

Алайда, бұл коллекцияны сақтауға және одан әрі дамытуға үлкен күш пен едәуір қаржы қажет. Бірақ ондай мүмкіндік институттың қолында жоқ. Помологиялық бақ мемлекеттен бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру ретінде түсетін аз ғана қаржыны қанағат етіп отыр.

Сондай-ақ, қаражаттың жетіспеуіне байланысты помологиялық бақта мамандардың жетіспейді, шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасу жоқ, жас мамандар тұрақтамайды.

Сонымен қатар, помологиялық бақтың жерлері мемлекеттен жалға алынған. Сондықтан әр түрлі ерекше үлгілердің 80 жылдық коллекциясын жоғалту қаупі де бар.

Ғылыми қоғамдастық пен сала мамандары помологиялық бақты сақтап, қайта жандандыру үшін оған ерекше ұлттық мәртебе беру керек деп есептейді.

Помологиялық бақтың коллекциясы Қазақстанның меншігі және республиканың ұлттық игілігі. Ерекше мәртебе беріле отырып, мекеме мемлекеттің тікелей қаржылық қолдауына ие болады. Бұл түгендеу жүргізуге, жоғалған сорттарды қалпына келтіруге, invitro генофондын ұлғайтуға және бақшаны 7 мың сортқа дейін кеңейтуге мүмкіндік береді.

«Помологиялық бақтағы іргелі зерттеулер 80 жылдан астам уақыт бойы жүргізіліп келеді. Бұл коммерциялық емес ұйым және ол өз қызметінен пайда көрмейді. Бақша коллекциясы – мемлекеттің стратегиялық қоры. Біздің басты міндетіміз – жаңғақ, жеміс-жидек дақылдары мен жүзімнің жаңа сорттарын дамыту үшін жұмыс істеу. Сорттарды өсіру ұзақ уақытты алады және қымбатқа түсетін жұмыс: әр жаңа сортты тіркеу, аудандастыру, оған ауылшаруашылық технологиясын жасау, вируссыз отырғызу материалын жасау қажет. Ұлттық игілік мәртебесі зерттеу жұмыстарын жүргізуге көмектеседі. Ол республика деңгейінде қаржылық қолдау алуға мүмкіндік берер еді. Осының арқасында біз үздік жас ғалымдарды тарта аламыз, оларға лайықты табыс пен жағдай жасаймыз, тамшылатып суару жүйесін саламыз, жаңа ауыл шаруашылығы техникасы мен биотехнологияларға арналған жабдықты сатып аламыз және тағы басқа да ауқымды жұмыстарды атқарамыз», – дейді Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Серік Садықов.

Қарлығаш Құрамысова

Құрамысова Қарлығаш Әмірғалиқызы 1998 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. 2015-2018 жылдар аралығында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-ның "Журналистика және саясаттану" факультетін тәмамдаған. Мамандығы - журналист. 2018 жылы "Егемен Қазақстан" республикалық газетінде тілші, 2019 жылы "Kazislam" ақпараттық порталында SMM-менеджер қызметтерін атқарған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button