Білім

«Қыз деген маркер ғой»: Омар Жәлелдің дәрісі оқушы қыздардың шамына тиді

Абайтанушы, филология ғылымдарының кандидаты Омар Жәлел Тараздағы Назарбаев зияткерлік мектебіне Абай Құнанбайұлына арналған дәріс оқуға шақырылып, өз сөзімен оқушылардың ашуын туғызды. Ол қыздарды білім алуға емес, «академик-докторларды» туып, тәрбиелеуге шақырған деп жазады KAZ.NUR.KZ Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

«Қыз баланың мұраты – өмір бойы оқып, «академик-доктор» болу емес, жастайынан бес зәруді бойына сіңіріп, «академик-докторларды» туып, тәрбиелеу. Қыз деген маркер ғой. Ол жазбай қалса, біз не істейміз? Әлбетте, тастай саламыз», – деп сөз сөйлеген Омар Жәлел дәріс оқу барысында.

Абайтанушының бұл сөздері оқушы қыздардың шамына тиіп, ашуын туғызыпты.

Тіпті 11-сынып оқушысы Аяулым Қанатбек әлеуметтік желіде арнайы пост жазып, Жәлелдің сөзімен келіспейтінін ашық білдірген. Ол әйелдерді өз құқықтарын қорғауға шақырды.

Білім ордасының әкімшілігі де оқушы қыздың пікірін қолдап отыр.

«Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы Тараз қаласындағы зияткерлік мектептің 11-сынып оқушысы Аяулым Қанатбектің ұстанымын қолдайды және оның Instagram желісіндегі қыздардың заманауи қоғамдағы миссиясы туралы жазбасымен келіседі», – деп мәлімдеді НЗМ өңірлік филиалынан.

Басқа жаңалықтар

Back to top button