БастыҚоғам

Алматы және Батыс Алтай қорықтары ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне кірді

Бейнеконференция режимінде Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі, Ұлттық комиссияның төрағасы Ақтоты. Райымқұлованың басшылығымен ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Kaznovosti.kz ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұлттық комиссия төрайымы, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың басшылығымен өткен отырысқа комиссияның тұрақты мүшелері – мүдделі мемлекеттік органдардың басшылары, еліміздің танымал білім, ғылым және мәдениет қайраткерлері қатысты.

Комиссияның тақырыптық комитеттерінің, ЮНЕСКО клубтарының және қауымдастырылған мектептерінің 2020 жылғы жұмысының аралық нәтижелері, сонымен бірге, Комиссияның 2021 жылға арналған қызметінің басым міндеттері мен бағыттары қаралды.

Атап айтқанда, Алматы және Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорықтары ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне кірді. 2020 жылғы қазан айында Қазақстан 2022 жылға дейінгі кезеңге ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» (МАБ) бағдарламасы Бюросының мүшесі болып сайланды.

ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра және материалдық емес мәдени мұра тізімдеріне жаңа ұлттық номинацияларды дайындау және ілгерілету бойынша жұмыстар жалғастырылды.

|Үстемдегі жылы ЮНЕСКО клубтарының Қазақстандық федерациясының саны 137-ден 155 мекеме мен 10 кандидат клубқа дейін өсті, бүкіл ел бойынша 400-ден астам түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Нұр-Сұлтан қаласында, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарында үш жаңа өңірлік өкілдік ашылды.

«ЮНЕСКО қауымдастырылған мектептері» жобасы шеңберінде білім беру, әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және мәдениет саласындағы Ұйымның басым бағыттары туралы хабардарлықты арттыру бойынша 26 қауымдастырылған мектеп және 11 кандидат мектеп белсенді қызмет жүргізеді.

Сыртқы істер министрінің орынбасары – Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ержан Ашықбаев Қазақстанда іске асырылып жатқан ЮНЕСКО және ИСЕСКО бағдарламалары мен жобаларын бірінші кезекте ұлттық басымдылықтарға, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет назар аударған адами капиталдың сапасын жақсарту мақсатында барша бейімдеудің маңыздылығын және бұл БҰҰ-ның Орнықты дамудың төртінші мақсатына толық сәйкес келетінін атап өтті.

Ұлттық комиссия мүшелері мен сарапшылары отырыс барысында Қазақстанның ЮНЕСКО мен ИСЕСКО-дағы ұстанымын одан әрі нығайтуға жәрдемдесуге ниет білдіріп, өздерінің тиісті қызметті жандандыруға мүдделілікетерін растады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button