Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы «QazIndustry» өкілдері Павлодар облысының өнеркәсіп кәсіпорындары үшін «Цифрлық трансформация және өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шаралары» тақырыбында мастер-класс өткізді. Бұл туралы ҚР ИИДМ-нің баспасөз қызметі хабарлайды.
Іс-шараға ІТ-компаниялардың өкілдері және Павлодар қаласы мен Павлодар облысының 35-тен астам өнеркәсіп кәсіпорындарының өкілдері цифрлық шешімдерді енгізу бойынша ұсынымдар әзірлеу барысындағы бірлескен жұмыс үшін шақырылды. Мастер-класс өндірістік процестерді цифрлық трансформациялау және Индустрия 4.0 элементтерін енгізу бағытында өнеркәсіп кәсіпорындар өкілдерінің біліктілігін арттыру мақсатында өткізілді.
International Data Corporation (IDC) халықаралық консалтинг компаниясының кеңесшісі Олег Сек нәтижелі халықаралық кейстерді мысалға келтіре отырып, өнеркәсіп үшін цифрлық трансформацияның артықшылықтары, кәсіпорындардың цифрлық жетілу кезеңдері туралы айтып берді. Өз кезегінде, «Атамекен» ҚР ҰКП Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, білім беру және инновация комитетінің төрағасы Болат Башеев цифрлық технологияларды енгізудің артықшылықтары туралы баяндап, кәсіпорындарды цифрландырудың прагматикалық тәсілін ұсынды. Сондай-ақ, техникалық қызмет көрсету және жабдықтарды жөндеу процестерін цифрландырудың артықшылықтары қарастырылды.
Семинар барысында спикерлер кәсіпорындарда ақпараттық қауіпсіздік ережелері мен нормаларын сақтау, ақпаратты қорғау құралдары, хакерлік шабуылдармен күресу әдістері төңірегінде де ақпаратпен бөлісті.
Кездесуді қорытындылай келе, «QazIndustry» ҚИЭО» АҚ цифрлық трансформация орталығының басшысы Лаура Жұманалиева өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін цифрлық стратегияларды әзірлеу шеңберінде жүргізіліп жатқан жұмыстар, сондай-ақ цифрлық трансформация тақырыбы бойынша жоспарланған оқыту іс-шаралары туралы айтып берді.
Естеріңізге сала кетейік, биыл «QazIndustry» ҚИЭО» АҚ цифрлық трансформация орталығы өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін цифрлық стратегияларды әзірлеу бойынша әдіснамалық жұмыстар жүргізуде.