БастыМәдениет

«18 килогерц» фильмі Варшавадағы халықаралық кинофестивальдің Гран-приін жеңіп алды

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова картина режиссері мен бүкіл түсірілім тобын лайықты марапатымен құттықтады, деп хабарлайды Kaznovosti.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

– Қазақстандық фильмдер шетелде танымалдылыққа ие болып, тек қазақстандықтардан ғана емес, Батыс көрермендерінен де қолдау тауып жатқанына қуаныштымын.
Бұл өте өзекті картина, жасөспірімдердің жетілуінің өткір мәселелерін қозғайды. Қазір жастар өте талантты және кино өнері арқылы өз ойларын дұрыс жеткізе алады. Оларға киноиндустрияда шығармашылық табыс пен жаңа жеңістер тілеймін, – деді министр.

Қазылар алқасының пікірінше, «18 килогерц» фильмі кинофестивальдің үздік фильмдерінің бірі болған. Қазылар алқасы бірауыздан қазақстандық режиссер Фархат Шәріповтың картинасына 1 орын беруді ұйғарған.

Фильм 90-жылдардың аяғындағы жасөспірімдердің өмірі туралы баяндайды. «18 килогерц» – бұл ересектер естімейтін дыбыс жиілігі. Фильм жасөспірімдердің проблемаларына арналған және ересектер жасөспірімдерге көбірек көңіл бөліп, олардың көзқарасымен санасуды үйренуге бағытталған.
Картинаның түсірілімі Алматыда өткен. Фильмдегі басты рөлдерді үлкен кинода тұңғыш рет дебют жасаған жас актерлер сомдады: Мұсахан Жұмахан, Әлібек Әдікен, Камила Фун-Со. Фильмнің композиторы Илья Одегов.

Басқа жаңалықтар

Back to top button