Бадам ауылында кіші сержант әскери бөлімнен қару-жарақпен қашып кетті
Түркістан облысындағы әскери бөлімде төтенше жағдай орын алды, деп хабарлайды zakon.kz.
Желіде тараған ақпаратқа сай, 20 ақпанға қараған түні 10216А бөлімінде (Бадам ауылы) кіші сержант – бөлім кезекшісінің көмекшісі кезекші демалып жатқанда қару сақталатын бөлменің кілтін ұрлап, сигнализацияны өшіріп, мынадай қару-жарақты алып кеткен: АК-47 – 30 дана, ПМ – 27 дана, ПМТ – 2 дана, 5,45 мм калибрлі патрон – 420 дана, 9 мм калибрлі патрон – 24 дана. Сосын кілтті байқатпай кезекшінің қалтасына қайта салып, өзі белгісіз бағытта кетіп қалған.
Шымкент қаласына жақын жердегі әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскери бөлімінің бірінде келісім-шарт бойынша әскери қызметші кіші сержант А.Балғынбай рота бойынша кезекші ретінде ауысым кезекшісі құрамында болып, бөлімді өз еркімен тастап кеткен. Дәл сол уақытта қаруды сақтау бөлмесінде атыс қаруының белгілі бір санының жетіспеушілігі анықталды. Құқық қорғау органдары мен әскери полиция күштері әскери қызметші мен жоғалған қаруды іздеу және ұстау бойынша барлық қажетті жедел-іздестіру, сондай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жүргізуде, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.