Басты

Қылмыстық кодекске «қылмысқа арандату» деген бап енгізіледі

ҚР Қылмыстық кодексіне «қылмысқа арандату» деген бап енгізіледі. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов айтты, деп хабарлайды Kaznovosti.kz

«Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын орындау үшін Заңда жедел-іздестіру қызметін немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамдардың қылмыстарды арандатқаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Қылмыстық кодекске «қылмысқа арандату» деген 412-1-бап енгізіледі. Ол тек парақорлықпен шектелмей, кез келген қылмысты қамтитын болады. Бұл ретте, жедел-іздестіру қызметін немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамның кейіннен әшкерелеу және қылмыстық жауапқа тарту немесе бопсалау мақсатында адамды қылмыс жасауға көндірген заңсыз әрекеттері, қылмыстың арандатуына жатады», – деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, аталған бап әрекеттердің ауырлығына және салдарына байланысты үш бөліктен тұрады. Заңсыз әрекеттердің зорлық-зомбылықпен не күш қолдану әрекетімен ұштасқанына, мүліктің жойылуына немесе бүлінуіне әкеп соққанына не адамның материалдық немесе өзге де тәуелділігін пайдалана отырып жасалғанына, қылмыстық топтың мүдделерінде жасалғанына не олар өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққанына қарай жаза тағайындалатын болады. Жазаның ең төменгі мерзімі – 7 жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 3 жыл бас бостандығынан айыру. Ең жоғарғы санкция – белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 10 жыл мерзімге айыра отырып, 12 жылға бас бостандығынан айыру.

«Осы түзетуді қабылдау, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды күшейтуге ықпал етеді. Лауазымды тұлғалардың заңсыз іс-әрекеттеріне қосымша тосқауыл болады», – деді Олжас Бектенов.

Басқа жаңалықтар

Back to top button