2020 жылғы қаңтар-тамыз айларында республикалық бюджеттен базалық зейнетақы төлеуге 511,6 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлемдеріне – 1 трлн 141,1 млрд теңге бағытталды, деп хабарлайды Kaznovosti.kz
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2020 жылғы тамыз айында республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 208,8 млрд теңге, оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 64,7 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге – 144,2 млрд теңге бөлінді.
2020 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша зейнеткерлер саны 2 млн 209 мың адамды құрайды.
Зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері (оның ішінде базалық зейнетақы) 2020 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 94 967 теңгені құрады.
Еске салайық, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі, оның зейнетақы жүйесіндегі тәжірибесін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалады.
Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер (бұдан әрі – МЗЖ) зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.
Сонымен, егер зейнетақы жүйесіндегі жұмыс өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ егер мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ын құрайды, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ға артады. Мысалы, егер сіз 20 жыл қатыссаңыз, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 74%-ын, 30 жыл – ең төменгі күнкөріс деңгейінің 94%-ын құрайды. 33 және одан да көп жыл өтілі болған жағдайда ол ең жоғары мөлшерде – ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100%-ы мөлшерінде белгіленеді.
Егер бір ай ішінде МЗЖ бірнеше рет Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жасалса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды.
Осылайша, міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық аударылатын болса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.
Өз кезегінде, жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңде алынған орташа айлық табысқа байланысты болады.