Экономика

Қазақстанда жүк тасымалы 2 жыл қатарынан 4 млрд тоннадан асты

Қазақстанда жүк тасымалы 2 жыл қатарынан 4 млрд тоннадан асып жығылды. Барлық жүктердің 84 пайызы автокөлікпен тасымалданса, барлық кірістің 58 пайызы құбыр желісімен жеткізуден түсіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат ranking.kz-ке сілтеме жасап.

2019 жылы көліктің барлық түрімен жүктерді тасымалдау көлемі 4,2 млрд тоннаны құрады. Бұл 2018 жылғы көрсеткіштен 3,3 пайызға артық. Айта кетерлігі, көрсеткіш үшінші жыл қатарынан өсім көрсетіп отыр.

Қазақстанның өңірлері арасында ең көп жүк тасымалы 864 млн тонна көлемінде Қарағанды облысында тіркелген. Аталған көрсеткіш 2018 жылдан 4,6 пайызға көп. Мұнан кейінгі орындағы Шығыс Қазақстан облысында бір жыл ішінде жүк тасымалы 5,4 пайызға артып, 662,2 млн тоннаға жетті. Ал жылдық 7,8 пайыз өсіммен 320,1 млн тонна жүк тасымалданған Қостанай облысы үшінші орында тұр.

Өткен жылдың қаңтар-желтоқсанында тасымалданған жүктерддің басым бөлігі, нақты айтқанда 3,6 млрд тоннасы жүк автомобильдерімен тасымалданған. Бұл 2018 жылдың 12 айымен салыстырғанда 3,7 пайызға көп.

Темір жол көлігімен 1 жылдың ішінде 408 млн тонна немесе жалпы жүк тасымалының 9,6 пайызы жеткізіліп, 12 айда 2,5 пайызға өсім көрсетті.

Ал қалған көлік түрлері 279,6 млн тонна немесе жалпы жүктердің 6,6 пайызын ғана тасымалдаған. Бұл ретте 2018 жылғы көрсеткіш 283,7 млн тонна болған еді. Ал оның 280,8 млн тоннасы құбыр желісі арқылы тасымалданған.

Көлік кәсіпорындарының жүк тасымалынан алған кірістері 1 жылдың ішінде 8,2 пайызға артып, 2,5 трлн теңгеге жетті. Бұл көлік кірістерінің жалпы көлемінің 80,58 пайызын құрайды. Оның ішінде 1,4 трлн теңге құбыр желісімен тасымалдаудан түскен кіріс. Жүк тасымалынан түскен жалпы кірістің 57,9 пайызы осы құбыр желісіне тиесілі болып тұр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button