ҚР АҚДМ салалық журналистерді даярлау бойынша пилоттық жобаны бастады

Ағымдағы жылдың 26 тамызында Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева отандық жоғары оқу орындарының өкілдерімен кездесу барысында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы екі меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Kaznovosti.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Меморандумдардың мақсаты – медицина және дін салаларында маманданған салалық журналистерді даярлау.
Медицина саласындағы меморандумға Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолдау білдірсе, дін саласындағы меморандумға Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан қол қойылмақ.
Меморандум аясында бірқатар нақты іс-шаралар өткізілмек, оның ішінде білім беру бағдарламалары жетілдіріледі, студенттердің кәсіби практикалары мен тағылымдамалары ұйымдастырылады, салалық журналистердің пулдары құрылады.
Нәтижесінде медиа нарықты денсаулық сақтау және дін салаларында материалдар іздеуге және мақалалар дайындауға маманданған білікті журналистермен қамтамасыз ету жоспарлануда»,- делінген хабарламада.
Кездесуді қорытындылаған Аида Балаева меморандумға қол қойған ұйымдарға алғысын білдіріп, оң нәтижелерге қол жеткізген жағдайда осы бағыттағы жұмыс басқа жоғары оқу орындарымен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жалғасатынын атап өтті.
