Шымкенттік полицейлер мен еріктілер тұрғындарға маскалар таратты

Шымкент қаласының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері, Әл-Фараби ауданының Полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары, Жастар ресурстық орталығының өкілдері мен ерікті жастардың қатысуымен профилактикалық іс-шара өткізді, деп хабарлайды Kaznovosti.kz
Халық көп жиналатын қоғамдық орындарда, соның ішінде Әл-Фараби алаңы, Арбат және «Шымкент Плаза» ойын-сауық орталығының алдында, қаланың негізгі Тәуке хан даңғылы, Б.Момышұлы мен Түркістан көшелерінің бойында тұрғындарға арнайы «Есірткіге жол жоқ!» жазуы бар 3000 дана бетперделер таратылды.

Аталмыш шараның мақсаты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің тапсырмасына сәйкес, салауатты өмір салтын насихаттау, қоғамды есірткіге қарсы қою және халық арасында есірткіге қарсы иммунитетті көтеру, сондай-ақ короновирустық инфекцияның алдын алу болып табылады.
Қала тұрғындары полицейлердің бұл бастамасын оң көзқараспен қабылдап, оны міндетті түрде тағатындарын айтып, өздерінің алғыстарын білдірді. Алдағы уақытта аталған іс-шаралар әлі де өз жалғасын табады.
