Қазақстан Цифрлық қоғамдық игіліктер альянсына қосылды

Қазақстан Цифрлық қоғамдық игіліктер альянсына (Digital Public Goods Alliance, DPGA) қосылды. Бұл қадам ашық бастапқы кодқа негізделген технологиялар мен цифрлық қоғамдық игіліктер саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға деген ұмтылысын нығайтады. Бұл туралы Париж қаласында өткен DPGA мүшелерінің жыл сайынғы кездесуінде жарияланды, деп хабарлайды ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі.

Қазақстанның Альянсқа қатысуына Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ (ҰАТ) қолдау көрсетеді. Альянс аясында Қазақстан мемлекеттік басқаруды цифрландыру тәжірибесімен бөлісуді, бірлескен бастамаларға қатысуды, сондай-ақ цифрлық қоғамдық игіліктерді әзірлеу және енгізу бойынша халықаралық тәжірибені зерделеуді жоспарлап отыр.

«Цифрлық қоғамдық игіліктер альянсына қосылу Қазақстанға мемлекеттік басқаруда цифрлық шешімдердің қолжетімділігін арттыру және оларды қайта пайдалануды кеңейту жөніндегі халықаралық күш-жігерге өз үлесін қосуға мүмкіндік береді. Біз ашық бастапқы кодқа негізделген технологиялар елдердің бір-бірінің жетістіктерін пайдалануына және мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруына жол ашады деп сенеміз. Қазақстан мемлекеттік басқаруды цифрландыру тәжірибесімен бөлісуге және қоғам игілігі үшін ашық бастапқы кодқа негізделген шешімдерді ілгерілету бағытында серіктестермен ынтымақтасуға дайын. Сонымен қатар, Альянс халықаралық тәжірибені зерделеп, мемлекеттік қызметтерді азаматтар үшін барынша қарапайым, қауіпсіз әрі қолайлы етуге мүмкіндік беретін озық тәжірибелерді қолдануға жол ашады», – деп атап өтті Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин.

Қазақстанның Альянс қызметіне қосатын үлесі

DPGA-ның бекітілген жол картасынасәйкес, Қазақстан үш негізгі бағытқа басымдық береді.

Жасанды интеллект негізіндегі цифрлық қоғамдық игіліктер саласындағы зерттеулерді дамыту. Азия даму банкімен және БҰҰ университетімен бірлесіп, Қазақстан жасанды интеллект жүйелерін цифрлық қоғамдық игілік ретінде әзірлеу және тарату бойынша зерттеулерге, сондай-ақ тиісті ұсынымдарды сынақтан өткізуге қатысады. Бұл ретте ұлттық тәжірибе мен оларды іс жүзінде қолдану мысалдары ескеріледі.

Ашық бастапқы кодқа негізделген цифрлық шешімдерді ілгерілету. Қазақстан өз цифрлық шешімдерін Цифрлық қоғамдық игіліктер стандартының (DPG Standard) талаптарын ескере отырып, цифрлық қоғамдық игілік ретінде тарату мүмкіндіктерін зерделейді.

Әлеуетті арттыру және білім алмасу. «50-in-5» халықаралық науқанына қатысу тәжірибесіне сүйене отырып, Қазақстан цифрлық мемлекеттік басқару жүйелерін әзірлеу және пайдалану бойынша білімі мен практикалық тәжірибесімен бөлісуге дайын. Оқыту бағдарламалары мен халықаралық серіктестермен тәжірибе алмасу арқылы ел басқа мемлекеттерге қауіпсіз, инклюзивті және өзара үйлесімді цифрлық қоғамдық инфрақұрылымды дамытуға қолдау көрсетеді.

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ (ҰАТ) электрондық үкімет инфрақұрылымы мен Ұлттық жасанды интеллект платформасының ұлттық операторы ретінде осы бағыттарды іске асыруға техникалық және практикалық үлес қосады. Компания мемлекеттік цифрлық қызметтерді ұсыну, сондай-ақ мемлекеттік басқаруда деректер мен жасанды интеллект технологияларын қолдану тәжірибесіне сүйенеді.

«Қазақстан Республикасын Цифрлық қоғамдық игіліктер альянсының мүшесі ретінде қарсы алуға қуаныштымыз. Елдің Альянсқа қосылуы азаматтардың мүддесіне бағдарланған цифрлық мемлекеттік басқаруды дамытуға ықпал етіп, халықаралық ынтымақтастыққа бейілділігін растайды. Цифрлық қоғамдық игіліктер стандартын ілгерілету, серіктес елдердің әлеуетін арттыруға қолдау көрсету және жасанды интеллектіні цифрлық қоғамдық игілік ретінде зерттеуге қатысу арқылы Қазақстан бүкіл әлемде қолжетімді әрі тиімді мемлекеттік қызметтерді қалыптастыру жолындағы ортақ күш-жігерімізді нығайтады», – деп атап өтті Цифрлық қоғамдық игіліктер альянсы Хатшылығының бас директоры Лив Марте Нордхауг.

Альянсқа қатысу Қазақстанға халықаралық әріптестікті дамытуға, білім алмасуға, өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге және азаматтардың игілігі үшін ашық бастапқы кодқа негізделген технологияларды қолдану мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.

Цифрлық қоғамдық игіліктер альянсы туралы

Цифрлық қоғамдық игіліктер альянсы – Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен құрылған, цифрлық қоғамдық игіліктерді анықтауға, таратуға және енгізуге жәрдемдесетін көпжақты бастама.

Цифрлық қоғамдық игіліктерге ашық бастапқы кодқа негізделген бағдарламалық қамтамасыз ету, ашық деректер, ашық қолжетімді жасанды интеллект модельдері, ашық стандарттар мен контент жатады. Мұндай шешімдер дербес деректерді қорғау саласындағы заңнама талаптарына және өзге де қолданыстағы нормалар мен озық тәжірибелерге сәйкес болуы, зиян келтірмеуі және БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге ықпал етуі тиіс.