Елордада AI & Digital Bridge форумы өтіп жатыр: Astana Hub Battle стартаптар байқауының финалистері анықталды

Елордада өтіп жатқан AI & Digital Bridge 2026 халықаралық технологиялық форумы аясында Astana Hub Battle стартаптар байқауының жартылай финалы өтті. 50 команданың ішінен қазылар алқасы финалға қатысатын 14 команданы іріктеді. Екі жобаның авторы Шанхайда білім алу мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Жартылай финалға қатысушыларға өз жобасын таныстыру үшін бір минуттан уақыт берілді. Баяндамалардан кейін қазылар алқасы 100 мың доллар көлеміндегі жүлде қоры үшін күресті жалғастыратын командалардың тізімін жариялады.

Олардың қатарында Cyber Pack, Aman, MyUpgrade, HiDoctor, Astana Dynamics, Best Vision, SpaceLab, Welcomvideo, Ncspeech, Pulsar AI, Awasense, Metric, Beehive және Rezident бар. Шешуші таныстырылымдар 3 қазанда сағат 16:00-де сол сахнада өтеді.

Жеңімпаздар төрт номинация бойынша анықталады: әлеуметтік ықпал, нарықты өзгерту, өсу әлеуеті және инвестициялық тартымдылық. Әр номинациядағы жүлде 25 мың долларды құрайды.

Жартылай финал қорытындысы бойынша SpaceLab және Metric командаларына дамуға арналған қосымша мүмкіндіктер ұсынылды. Khan Tengri Innovation Hub оларды Шанхайда жасанды интеллект саласында екі апталық оқу бағдарламасына қатысуға шақырды. Бағдарлама қатысушылардың тұруы мен тамақтануын да қамтиды.

Khan Tengri Innovation Hub негізін қалаушы әрі қазылар алқасының мүшесі Ләззат Боранқұлова ұсынылған идеялардың алуан түрлілігін атап өтті. Оның ерекше қызығушылығын физикалық құрылғылар мен жабдықтар жасауға бағытталған жобалар тудырған. Оның айтуынша, мұндай стартаптар Қытайда одан әрі дамуына қолдау ала алады.

Жобалардың таныстырылымдарын технология саласының өкілдері ғана емес, форум қонақтары да тамашалады. Халықаралық мектептердің бірінің оқытушысы мұндай іс-шаралар түрлі саладағы кәсіпкерлерді, сондай-ақ заманауи технологияларға қызығушылық танытатын адамдарды тартатынын атап өтті.

«Бұл әркім өзіне пайдалы нәрсе таба алатын көрмеге ұқсайды», – деді ол.