90 жастағы Александра Плясовских жеті жылдан бері волонтерлікпен айналысып келеді

Петропавл қаласының тұрғыны Александра Плясовских – «Күміс волонтерлер» қозғалысының белсенді мүшелерінің бірі
90 жастағы Александра Михайловна жеті жылдан бері волонтерлікпен айналысып, қолөнерді қайырымдылықпен ұштастырып жүр. Бүгінде ол шала туған сәбилерге арнап жылы киім тоқып, ойыншықтар мен түрлі бұйымдар жасайды, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
Зейнетке шыққанға дейін Александра Плясовских ұзақ жыл зауытта аға бақылаушы шебер болып еңбек етті. Кейін тоқымаға деген қызығушылығы өзгелерге қамқорлық танытуға мүмкіндік берді.
Солтүстік Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы «Күміс волонтерлер» бастамашыл тобында 40-тан астам адам бар. Топ мүшелері қоғамдық бастамаларға атсалысып, білімі мен тәжірибесін ортаға салады әрі бос уақытын тиімді өткізеді.
Александра Плясовскихтың өнегелі ісі волонтерлік жасқа қарамайтынын көрсетеді. Елімізде егде жастағы волонтерлер саны 6 мыңға жетіп, 2020 жылмен салыстырғанда көрсеткіш сегіз есе артты.


