Алматыда жеткізуші роботтар мен жүргізушісіз көлік технологияларын тестілеу басталды

Алматыда жүргізушісіз көлік технологияларын одан әрі дамыту үшін қажетті жеткізуші роботтар мен автокөліктік картографиялау технологияларын іске қосу рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі
Іс-шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жасұлан Мәдиев, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, Көлік вице-министрі Дамир Қожахметов, Құрылтай депутаттары Екатерина Смышляева мен Абай Алтай, сондай-ақ бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты.
Іс-шара аясында жеткізуші роботтың көмегімен алғашқы тапсырыс рәсімделді. Yandex Qazaqstan өкілдері технологияның қалалық ортада жұмыс істеу тәртібін көрсетті.
Робот жергілікті жерде өздігінен бағдарланып, қозғалыс бағытын құрады, кедергілерді анықтап, қауіпсіз қозғалыс траекториясын таңдайды. Сондай-ақ роботтың бағдаршамдармен өзара әрекеттесуі, жолды кесіп өтуі және қалалық инфрақұрылым жағдайында қозғалысы көрсетілді.
Келесі кезеңде картографиялау көлігін іске қосу жүзеге асырылды. Арнайы жабдықталған автомобильдер Алматы көшелерімен қозғалып, қаланың жоғары дәлдіктегі цифрлық картасын жасауға кірісті.
Мұндай карта жүргізушісіз көлікті, оның ішінде роботакси технологиясын одан әрі дамыту үшін қажет. Автомобильдер лидарлар мен камераларды қоса алғанда, сенсорлар кешенімен жабдықталған. Қозғалыс барысында олар жол инфрақұрылымы туралы – жол таңбалары, бағдаршамдар, жол белгілері, қиылыстар және басқа да нысандар жөніндегі деректерді жинайды.
Жиналған ақпарат негізінде жол қозғалысы ортасының егжей-тегжейлі цифрлық моделі қалыптастырылады. Ол алдағы уақытта жүргізушісіз көлік жүйелерінде пайдаланылуы мүмкін.
Қазақстанда автономды көлікті енгізу жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру қағидалары қалыптастырылды. Олар мұндай технологияларды нақты жағдайларда сынақтан өткізуге және сонымен қатар оларды реттеу тәсілдерін жетілдіруге мүмкіндік береді.
Алматының жоғары дәлдіктегі картасын жасау – қажетті технологиялық инфрақұрылымды қалыптастыру кезеңдерінің бірі.
Қазақстанда автономды көлікті дамыту кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Негізгі назар технологияларды тестілеуге, қозғалыстың нақты сценарийлерін талдауға және реттеу тетіктерін жетілдіруге бағытталады. Бұл ретте жаңа шешімдерді енгізудің басты шарты – адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.



