
Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасының мүшесі Серікболсын Жалғасұлы қаршыға салудан жеңімпаз атанып, ел қоржынына алтын жүлде салды
Екі күнге жоспарланған құсбегілік бәсекелерінің бүгінгі шешуші кезеңінде қаршыға салудан жарыс өз мәресіне жетті. Бұған дейін ителгі салудан ұлттық құрама екі жүлдеге қол жеткізді.
Құсбегілік Федерациясының мәліметінше, биыл бәсекеге Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Грузия, Испания, Словакия, Моңғолия, Өзбекстан, Мажарстан және Чехиядан келген спортшылар қатысып, өзара мықтыны анықтауда.
Қазақстан атынан тоғыз спортшы «Бүркіт салу», «Ителгі салу» және «Қаршыға салу» бағыттары бойынша сынға түсіп жатыр. Ұлттық құрама сапына ел ішіндегі және халықаралық жарыстарда тәжірибе жинақтап, жүлделі орындардан көрініп жүрген құсбегілер іріктелді, – делінген хабарламада.
Осылайша, қазіргі сәтте құсбегіліктен Қазақстан құрамасының еншісінде үш жүлде бар. Жарыс әлі жалғасуда.
Айта кетейік, құсбегілеріміздің VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуына Республикалық Құсбегілік Федерациясының Бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, сондай-ақ ҚР Туризм және спорт министрлігі, «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» КҚ қолдау көрсетуде.



