Ақтөбеде ірі көлемдегі пәтер ұрлығына күдікті ұсталды

Ақтөбеде полиция қызметкерлері екі пәтер ұрлығына қатысы бар деген күдікпен 37 жастағы ер адамды ұстады, деп хабарлайды ҚР Iшкi iстер министрлігі
Пәтер ұрлығының алдын алу және оның жолын кесуге бағытталған мақсатты жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында жедел уәкілдер қажетті кешенді шараларды жүргізіп, күдіктінің жеке басын анықтап, ұстады.
Алдын ала мәлімет бойынша, ұрлықтың бірі Ақжар-2 тұрғын алабында болған. Түнгі уақытта үй иелерінің екінші қабатта ұйықтап жатқанын пайдаланған күдікті үйге кіріп, ақша қаражаты мен алтын әшекейлерді ұрлаған. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 2 миллион теңгені құрады.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жедел уәкілдер күдіктінің осы тұрғын алабында жасалған тағы бір пәтер ұрлығына қатысы бар екенін анықтады.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.



