Саясат

Қазақстанда Транскаспий суасты талшықты-оптикалық байланыс желісі құрылысының негізгі кезеңі аяқталды

Елімізде телекоммуникация саласындағы ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – Каспий теңізінің түбі арқылы тартылатын Транскаспий суасты талшықты-оптикалық байланыс желісін (ТОБЖ) салудың негізгі кезеңі аяқталды, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің Баспасөз қызметі

Суасты кабелі Қазақстан жағалауына сәтті жеткізіліп, «Қазақтелеком» АҚ мен AzerTelecom International компаниялары жүзеге асырып жатқан жобаның ең күрделі бөлігі аяқталды. Ақтау – Сумгайыт бағыты бойынша өтетін жаңа маршрут Қазақстан мен Әзербайжанның цифрлық инфрақұрылымын біріктіріп, Азия мен Еуропа арасындағы деректерді жоғары жылдамдықпен тікелей жеткізетін дәлізге айналады. Жоба халықаралық байланыс сенімділігін арттырып, екі елдің транзиттік әлеуетін күшейтеді.

Теңіздегі құрылыс жұмыстарының аяқталу барысымен кабель төсейтін кеменің бортында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин және AzerTelecom International компаниясының бас директоры Ана Накашидзе танысты.

Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жобаны жүзеге асыру үшін қажетті нормативтік, ұйымдастырушылық және кедендік рәсімдердің орындалуын қамтамасыз етті. Соның нәтижесінде құрылыс жұмыстары әкімшілік кідіріссіз жедел басталды.

Аталған жоба 2025 жылы басталған болатын. Мамандар инженерлік ізденістер жүргізіп, оңтайлы бағытты айқындап, кабелді сынақтан өткізді. Суасты кабелін төсеу жұмыстары 2026 жылдың шілде айында басталды. Құрылыс тәулік бойы су сыйымдылығы 20 мың тоннадан асатын мамандандырылған кеменің көмегімен жүргізілді. Жобаға 70 маман тартылды.

«Біз Транскаспий суасты талшықты-оптикалық байланыс желісін салудың ең күрделі кезеңін – Каспий теңізінің табаны арқылы кабель төсеу жұмыстарын аяқтадық. Жаңа маршрут Қазақстанның әлемдік деректерді беру желілерімен цифрлық байланысын күшейтіп, жасанды интеллект, “бұлтты” технологиялар және заманауи деректерді өңдеу орталықтарын одан әрі дамытудың негізін қалайды. Цифрлық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамыта отырып, Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы стратегиялық цифрлық көпір ретіндегі ұстанымын нығайта түсуде», — деді Жаслан Мәдиев.

«Бұл жоба кез келген деңгейдегі күрделі инфрақұрылымдық міндеттерді рекордтық мерзімде жүзеге асыра алатынымызды дәлелдейді. Біз сигналдың кідірісі барынша аз болатын жоғары жылдамдықты цифрлық магистраль қалыптастырып жатырмыз. Ол халықаралық трафик сенімділігінің жаңа стандарттарын белгілейді. Бұл – желіміздің тұрақтылығына салынған инвестиция әрі әлемдік деңгейдегі инфрақұрылымға қол жеткізетін бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер», — деді «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин.

Қазіргі уақытта кабелді жағалаудағы инфрақұрылымға қосу жұмыстары жүргізілуде. Күзде жерүсті инфрақұрылымының құрылысын аяқтап, іске қосу-баптау жұмыстарын және жүйені кешенді тестілеуді аяқтау жоспарланып отыр.

Магистральды салу және оны кейіннен пайдалану жұмыстарына «Қазақтелеком» АҚ мен AzerTelecom International компанияларының бірлескен кәсіпорны – CaspiLink B.V. жауапты. Жоба бюджет қаражатын тартпай, операторлардың өз қаражаты есебінен жүзеге асырылуда.

Басқа жаңалықтар

Back to top button