Қазақстанда отандық өндірушілерді қолдау күшейтілуде: тауарларды ілгерілетудің жаңа құралдары

Қазақстанда сауда желілері мен электрондық алаңдарда отандық өнімнің қатысуын кеңейту бойынша жұмыс жалғасуда. Ол үшін заманауи маркетингтік құралдар енгізілуде, қазақстандық өндірушілер үшін қосымша мүмкіндіктер жасалуда, сауда желілерімен өзара іс-қимыл ережелері жетілдірілуде және цифрлық инфрақұрылым дамуда. Үкімет отырысында қабылданып жатқан шаралар туралы ҚР сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев баяндады, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің телеграм арнасы.

Министрдің айтуынша, Ұлттық талдау орталығымен бірлесіп, отандық өнімді ілгерілету үшін тұтынушылық маркетингтің заманауи құралдары енгізілді.

«Отандық тауарлар сауда орындарының ең сұранысқа ие сөрелерінде орналастырылып, “Қазақстанда жасалған” белгісімен таңбаланады. Бұл отандық тауарларға сұранысты арттырады. Оған қоса жаңа өндірушілер үшін сөрелер мен “жасыл сөрелер” көзделген», — деді Арман Шаққалиев.

Осыған ұқсас талаптар Kaspi, Halyk Market, Clever, TEEZ және тағы басқа отандық электрондық сауда алаңдарында енгізілуде.

Бұдан бөлек, отандық өндірушілердің сауда инфрақұрылымына тең қолжетімділігі қамтамасыз етілді. Заңмен сауда желілерінің отандық өндірушілермен жеткізу шарттарын жасасудан негізсіз бас тартуы тыйым салынды. Сауда желілерімен жыл сайын меморандумдар жасалады. Онда отандық өнімді ілгерілету жөніндегі нақты міндеттемелер қамтылған.

Ірі сауда нысандары мен базарлар үшін жалдау ақысын қалыптастырудың ашық ережелері белгіленді. Оны жылына бір рет ғана қайта қарауға болады. Жыл соңына дейін отандық өндірушілерді сауда желілерімен тікелей байланыстыратын QazTrade Retail цифрлық платформасын іске қосу жоспарланған.